Маңғыстауда Каспий жағалауында бір күнде екі адам суға батып, ажал құшты

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында Каспий теңізінің шомылуға жабдықталмаған жағалауында екі адам суға батып кетті.

Суға кетті
Фото: ТЖМ

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғалар 6 шілде күні Ақтау қаласынан 41–42 шақырым қашықтықта орналасқан Каспий теңізінің жағалауында тіркелген.

Алғашқы жағдайда 1984 жылы туған ер адам шомылуға жабдықталмаған орында суға түсіп, батып кеткен. Оның денесін судан куәгерлер алып шыққан.

Арада көп уақыт өтпей, алғашқы оқиға болған жерден алыс емес аумақта тағы бір қайғылы жағдай болғаны туралы хабар түскен. Құтқарушылар жеткенге дейін куәгерлер 2012 жылы туған баланың денесін судан шығарған.

Сондай-ақ куәгерлер 2018 жылы туған баланы және оның 1991 жылы туған әкесін құтқарып қалған.

— 2018 жылы туған бала Ақтау қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін 1991 жылы туған ер адам үйіне жіберілді, — деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Ведомство өкілдері азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға шақырып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертті. Сондай-ақ балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға кеңес берді.

Бұған дейін Бекет атаға зиярат етуге кетіп, із-түзсіз жоғалған азаматтар табылғанын жазған едік.