Маңғыстауда Каспийдің жағалауынан өлі аққулар табылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Теңіз жағасында қырылып жатқан қанаттыларды жергілікті тұрғын байқаған. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде жариялады. 

аққу
Фото: Азамат Сәрсенбаев

Айтуынша, өлекселердің арасында жақын арада өлген аққулар да, ұзақ уақыт жатып қалғандары да бар.

Осы оқиға бойынша облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлауынша, құстардың жаппай өлімі тіркелмеген. 

— Бүгін, 25 наурызда, Сайын Шапағатов ауылындағы жағалау сызығынан 11 аққудың өлексесі анықталды. Барлық құс белгіленген тәртіпке сәйкес жойылды. Жағалауда құстардың жаппай қырылу дерегі тіркелген жоқ, — делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта Түпқараған ауданы мен Ақтау қаласының жағалау аймағында мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жағдай туралы құзырлы органдарға хабар беріліп, тиісті қызметтердің жұмысы ұйымдастырылған. 

Сондай-ақ, Қарақия-Қаракөл қорықшасының аумағында орналасқан Қаракөл көлінде құстардың қырылу жағдайлары тіркелмегені нақтыланды.

Бұған дейін, Каспий жағалауынан Қызыл кітапқа енген бірқазан өлі күйде табылған болатын

Соңғы жаңалықтар