Маңғыстауда «КазАзот» зауытындағы оқыс оқиғадан жұмысшылар зардап шекті
АҚТАУ. KAZINFORM – Бұл туралы «КазАзот» компаниясы ресми мәлімет таратты.

– 2025 жылғы 18 шілдеде «КазАзот» АҚ аумағында төтенше жағдай болып, соның салдарынан компания қызметкерлері зардап шекті. Бұл – біз үшін өте ауыр жағдай. «КазАзот» АҚ зардап шеккен қызметкерлер мен олардың жақындарына шын жүректен көңіл айтып, жанашырлық пен қолдау білдіреді. Оқиға болғаннан алғашқы сағаттардан бастап, компания жедел түрде барлық мүмкін болатын шараларды қабылдады. «КазАзот» АҚ бастамасымен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасының бас реаниматологы мен күйік жарақаттары бойынша жетекші маман шақыртылды. Барлық медициналық шығын кәсіпорын есебінен толық өтеледі, - делінген хабарламада.
Компания зардап шеккен қызметкерлердің отбасы мүшелерімен және дәрігерлермен тұрақты байланыста болып, науқастардың тезірек сауығып, жұмысқа қайта оралуы үшін бар жағдайды жасайтынын хабарлады.
Сонымен қатар компания оқиға туралы құзырлы органдарға жедел хабарлағанын жеткізді. Қазір осы оқиғаға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Маңғыстауда қызметкерлеріне 197 миллион теңге қарыз мұнай компаниясы туралы жазған болатынбыз.