Маңғыстауда қырылған аққулар саны тоғыз жүзге жуықтады

Үш апта ішінде Қаракөл көлінен 870 бас құс өлексесі табылды. Сонымен бірге көл суының құрамында ластаушы заттардың мөлшері асып кеткені анықталды, деп хабарлайды Kazinform.

 Қаракөлде қырылған аққу
Фото: Маңғыстау облыстық Экология департаменті

Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов 2023 жылдың 21 желтоқсанынан 9 қаңтарына дейін 870 аққу өлексесі табылып, толығымен жойылғанын атады.

«Қорық инспекторлары рейд барысында аққулардың өлекселерін тапты. Олар бұл ақпаратты барлық қажетті шараларды қолдана отырып, жедел түрде тиісті органдарға берді. Аққулардың өлекселерінен алынған сынама оның құс тұмауы екендігін растады. Осыған байланысты тиісті мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде арнайы орындарда өлген құстарды жинаумен және жоюмен айналысады, - деді Ғаббас Досатов.

Бұдан бөлек, экологтар Rixos қонақ үйінің Қаракөл аққуларының өліміне қатысын тексергенін мәлімдеді.

«5-6 қаңтарда Rixos Water World қонақ үйінің аумағында орналасқан құбырдан белгісіз сұйықтықтың құйылу дерегі бойынша қосымша мониторинг жүргізілді. Қаракөлге құйылатын су құрамында ластаушы заттар мөлшерінің асып кетуі анықталды. Осы деректердің негізінде қонақ үйге қатысты тексеру тағайындалды, оның нәтижелері алда жарияланады, - деді Маңғыстау облысының экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Мағжан Ғалымов.

Маңғыстаулық эколог Әділбек Қозыбақов өңір тұрғындарына құстарды қолдан тамақтандырудан бас тартуға кеңес беріп отыр.

«Құстарға қолдан азық берудің қажеті жоқ. Өйткені олардың табиғи жағдайдағы қажетті қорегі жеткілікті. Қаракөлде жыл сайын кем дегенде 10-15 мың аққу қыстайды. Екі күн бұрын орнитолог мамандар 43 мыңнан астам аққуды санаған. Бұл көл аумағынба құстарға жеткілікті қорек бар екенін көрсетеді. Мысалы, Австралияда тұратын қара аққудың құс тұмауына мүлдем иммунитеті жоқ. Біздің аймақтарға ұшатын аққулар да құс тұмауына өте сезімтал. Әсіресе иммунитеті қалыптаспаған құстың жас балапандары әлсіз келеді», - деді Әділбек Қозыбақов.

Өткен жылдың қараша айында Маңғыстауға 7 мыңға жуық аққу ұшып келген. Қазіргі уақытта Қаракөлдегі аққулардың саны 45 мың шамасында болып отыр. Сонымен бірге, Ақтау қалалық ветеринариялық станциясының басшысы Самат Нәбиев жылжымалы крематорий арқылы қырылған аққуды жою жұмыстары жалғасатанын атады.

Соңғы жаңалықтар