Маңғыстауда мектеп асханаларының мәзірі өзгерді: пайдалы тағамды балалар қалай қабылдап жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстауда мектеп оқушыларының ас мәзірі жаңартылды. Қант пен тұз азайып, көкөніс, жеміс-жидек және пайдалы өнімдер көбейді. Өзгеріс балалар арасындағы артық салмақ мәселесіне байланысты енгізілді. Жаңа мәзір оқушы көңілінен шыға ма? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

а
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті

Ас мәзіріне көңілім толады

Мектеп асханасындағы өзгерісті ата-аналар да байқап отыр. Үш баланың анасы Сымбат Амалова жаңа мәзірді қолдайтынын айтады. Оның пікірінше, балалардың күнделікті тамақтануында көкөніс пен табиғи өнімдердің көбеюі маңызды.

— Мен өзім ата-ана ретінде бұл ас мәзіріне көңілім толады. Салауатты өмір салтын ұстану, балалардың дұрыс тамақтануы үшін қант мөлшері азайтылып, көкөністердің күнделікті мәзірге қосылғанына қуаныштымыз, — дейді ол.

Алайда ата-ананың таңдауы мен баланың қалауы әрдайым сәйкес келе бермейді.

мектеп
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті

Балалар қандай тағамды қалайды?

Мектеп асханасында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер Әлия Гатаулова балалардың тамаққа деген талғамы бөлек екенін айтады. Оның сөзінше, оқушылар сұйық тағамнан гөрі қою тамақты көбірек таңдайды.

— Балалар макарон, сыр, сосиска жақсы көреді. Сорпаны онша ұнатпайды. Үнемі сосиска, макарон сұрайды. Палау, котлет жейді. Ал таңертең көпшілігі тамақ ішпейді, — дейді кәсіпкер.

а
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті

Кәсіпкердің айтуынша, құрамындағы қанты азайтылған тағамдарға оқушылар тарапынан сұраныс әзірге жоғары емес. Дегенмен ас мәзірінің жаңаруы оның кәсібіне айтарлықтай қаржылық қиындық келтірмеген.

— Бұл жерде мәселе тек баланың қандай тағамды ұнататынында емес. Баланың күнделікті тамақтану дағдысы да маңызды рөл атқарады. Себебі мектепте пайдалы ас ұсынылғанымен, оқушы сабақтан кейін немесе мектепке барар жолда құрамында қанты көп сусындар мен тағамдарды тұтынса, оның әсері төмендеуі мүмкін, — дейді Әлия Гатаулова.

қант
Фото: Midjourney

Неліктен ас мәзірі өзгерді?

Мамандардың айтуынша, мектеп асханаларындағы мәзірді қайта қараудың өзіндік себебі бар. Маңғыстауда балалар арасында артық салмақ мәселесі өзекті болып отыр. Статистикаға сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда биыл балалар арасында салмақ қосу 26 пайызға өскен.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мәліметінше, жаңа мәзір балалардың физиологиялық қажеттіліктеріне, тағамның құндылығы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды ескере отырып әзірленген.

— Стандартқа сай мәзір бекіттік. Оның басты ерекшелігі — балалардың құнарлы тамақтануын қамтамасыз ету, сонымен қатар тағам құрамындағы қант пен тұз мөлшерін шектеу. Оның орнына балғын жеміс-жидек пен табиғи сүт өнімдері қосылды, — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы Жазира Ғапарова.

а
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті

Мамандардың айтуынша, 2025-2026 оқу жылына арналған мәзірге жүргізілген бағалау барысында оның тамақтану стандарты талаптарына толық сәйкес келмейтіні анықталған.

Атап айтқанда, жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, балық, сүт және сүт өнімдерінің жеткіліксіз қамтылғаны, рационның әртүрлілігі сақталмағаны белгілі болған.

Сонымен қатар көмірсуы жоғары тағамдардың үлесі басым болып, бір реттік ыстық тамақтың энергетикалық құндылығы белгіленген нормаға сәйкес келмеген.
Осыған байланысты тағамдардың құрамы қайта қаралып, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылғы 30 шілдедегі бұйрығымен білім беру ұйымдарына арналған перспективалық ас мәзірі бекітілген.

Жаңа мәзірде тұз бен қант мөлшері барынша азайтылып, жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәрумендер мен ақуызға бай өнімдердің үлесі арттырылды. Мұндағы мақсат тек баланы құнарлы тамақпен қамтамасыз ету емес. Мамандар мұны семіздік, қант диабеті секілді инфекциялық емес аурулардың алдын алудың бір жолы деп отыр.

Күн сайын семіздікпен бір бала келеді

Ақтаулық эндокринолог дәрігер Нұргүл Арықова балалар арасындағы артық салмақ мәселесі алаңдатарлық деңгейге жеткенін айтады.

— Балалар семіздігі — менің негізгі жаным ауыратын тақырыбым. Күн сайын қабылдауыма семіздік мәселесімен бір бала келеді. Сондықтан асханалардағы мәзірді өзгертетін уақыт келді деп ойлаймын, — дейді Нұргүл Арықова.

Атырау облысында былтыр 140 балаға семіздік диагнозы қойылған
Фото: pexels.com

Дәрігердің пікірінше, мәселені тек мектеп асханасының мәзірін өзгертумен шешу жеткіліксіз. Оның айтуынша, мектеп ішінде немесе оған жақын орналасқан тәтті сусын сататын орындар да назардан тыс қалмауы керек.

— Асханаларда тәтті сусындар болады. Оның құрамында қант көп. Сонымен қатар мектептің жанында тәтті сусын сататын орындар ашылып жатыр. Оларға қатысты талапты қатаңдату керек. Мысалы, Кореяда мектептен 200 метр қашықтықта кофехана мен тәтті сусын сататын орындардың болуына шектеу бар. Бізде де осындай талаптарды қарастыр керек, — дейді маман.

Бұл ұсыныс мектептегі тамақтану мәдениетін қалыптастыру мәселесінің тек асханамен шектелмейтінін көрсетеді. Өйткені бала мектепте пайдалы тағам ішкенімен, сырттан қант мөлшері жоғары сусын сатып алса, дұрыс тамақтану қағидаты толық сақталмайды.

Мәселе мәзірде ғана емес

Бүгінде Маңғыстау облысында 159 мектеп бар. Онда 197 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның 158-інде асхана жұмыс істейді. Тек Боздақ ауылдық бастауыш мектебінде буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Демек, өңірдегі оқушылардың басым бөлігі күнделікті тамағын мектеп асханасынан ішеді.

Жаңа мәзірдің енгізілуі — баланың рационын өзгертуге бағытталған маңызды қадам. Бірақ оның нәтижесі асханадағы тағаммен ғана өлшенбейді. Баланың пайдалы тағамға үйренуі үшін мектеп, ата-ана және кәсіпкер тарапынан ортақ жұмыс қажет.

мектеп, оқушы, сабақ, парта, мұғалім, педагог, ұстаз, әліппе, 1-сынып
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Бір жағынан, бала сүйіп жейтін тағамды ұсыну маңызды. Екінші жағынан, оның денсаулығына зиян келтірмейтін өнімдерді таңдау қажет. Ал бұл екі талаптың арасындағы тепе-теңдікті сақтау — мектеп асханалары үшін негізгі міндеттердің бірі.

Мектептегі дұрыс тамақтану — бір күндік науқан емес. Ол баланың денсаулығына әсер ететін ұзақ мерзімді әдет қалыптастырудың бір бөлігі.

Бұған дейін 2 мыңнан астам мектеп асханасында санитариялық талап бұзылғаны айтылды.