Маңғыстауда тарихи Қарақабақ қалашығы зерттеліп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында орналасқан Қарақабақ қалашығында кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары қолға алынды. Қазба жұмыстарына өңірлік музейдің археологтері мен Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары қатысып жатыр.
Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде жаңадан ашылған «Археология» бөлімінің мамандары Әлкей Хақанұлы Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарымен бірлесіп Қарақабақ қалашығында ғылыми-зерттеу және археологиялық қазба жұмыстарын бастады. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы хабарлады.
— Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында тарихи ескерткіштің құрылымы, мәдени қабаттары мен құнды археологиялық деректер жан-жақты зерттелетін болады. Бұл жұмыстар өңір тарихын тереңірек тануға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға өз үлесін қосады, — делінген хабарламада.
Ал қазба жұмыстарының барысы, табылған олжалар мен қызықты деректер музейдің парақшасына шығарылады.
Бұған дейін, Маңғыстауда Рим дәуірімен байланысты көне қала табылған болатын.