Маңғыстауда төбесі опырылып түскен мектеп бойынша қылмыстық іс қозғалды
АҚТАУ. KAZINFORM — Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 278-бабы 2-бөлігі (Ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың бөліктерін пайдалануға беру немесе пайдалануға рұқсат беру кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов оқиға орнына барып, жағдаймен танысты. Қазір сарапшылар тиісті тексеруді жүргізіп жатыр.
— Қазіргі уақытта мектеп аумағына бөгде адамдардың кіруіне уақытша тыйым салынды. Алдағы жөндеу жұмыстары мен нақты шешімдер туралы ресми түрде қосымша хабарланатын болады, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бүгін таңғы сағат 6:30 шамасында Қарақия ауданы, Құрық ауылында орналасқан жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының акт залының төбесі опырылып құлады. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.
Бұған дейін, оқиға туралы жазған болатынбыз.