Маңғыстауда үш ауысымды мектеп мәселесі әлі шешілген жоқ
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында үш ауысымды мектеп мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Қазір өңірде үш мектепте оқушылар үш ауысымда білім алып жатыр. Ал бала санының қарқынды өсуіне байланысты алдағы жылдары орын тапшылығы одан әрі артуы мүмкін.
Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2025-2026 оқу жылында өңірде 19 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданған. Қазіргі уақытта бірінші сынып оқушыларына орын тапшылығы жоқ. Дегенмен облыс бойынша әлі де үш ауысымда жұмыс істейтін үш мектеп бар. Олардың барлығы Ақтауда орналасқан.
— 12-шағынаудандағы № 12 мектепте 2 072 оқушы білім алады. Оның 1 639-ы, яғни 79,1 пайызы осы шағынауданның балалары. Қалған оқушылар көршілес шағынаудандардан және Мұнайлы мен Түпқараған аудандарынан қатынап оқиды. Ал 17-шағынаудандағы № 31 «Келешек» мектебінде 2256 оқушы оқып жатыр. Оның 2 184-і немесе 96,8 пайызы осы шағынауданның тұрғындары. Қалған 72 оқушы көршілес шағынаудандардан келеді, — делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, аталған 72 оқушыны биыл қазан айында 16-шағынауданда ашылатын № 35 «Келешек» мектебіне ауыстырған жағдайда да, № 31 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесінің толық шешілмеу қаупі бар. Бұған 17-шағынаудандағы жер телімінің тапшылығы әсер етіп отыр. Жер көлемінің тар болуына байланысты бұл аумақта 900 орындық мектеп қана салынған.
— Үш ауысымда білім беретін тағы бір оқу орны -19-шағынаудандағы № 32 мектеп. Мұнда 3007 оқушы оқиды. Оның 2 438-і немесе 81 пайызы осы шағынауданның балалары болса, қалған 569 оқушы көршілес шағынаудандардан қатынап келеді. Сондай-ақ мектебі жоқ 30 және 35-шағынаудандардан 137 бала осы мектепте білім алып жүр, — делінген хабарламада.
Бала санының қарқынды өсуі алдағы жылдары мектептегі орын тапшылығы мәселесін одан әрі күрделендіруі мүмкін. Білім басқармасының болжамынша, 2030 жылға қарай облыстағы оқушылар саны 217 990 балаға дейін ұлғаяды. Бұл көрсеткіш қазіргі деңгеймен салыстырғанда 23 мыңнан астам балаға артық.
Осыған байланысты 2030 жылға қарай өңірде 11 мыңға жуық орын тапшы болуы мүмкін. Орын тапшылығын азайту мақсатында тағы жеті мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Бұған дейін, Ақтауда екі адам қаза тапқан катер апатына қатысты жаңа деректер жарияланды.