Маңғыстауда жаңа мұнай кен орнын анықтауға бағытталған бұрғылау басталды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында жаңа мұнай-газ қорын анықтау үшін барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау ауданына қарасты Бекі ауылы маңында тереңдігі 2 700 метр болатын барлау ұңғымасы бұрғыланбақ.

Маңғыстауда жаңа мұнай кен орнын анықтауға бағытталған бұрғылау басталды
Фото: Маңғыстау ауданының әкімдігі

Маңғыстау ауданы әкімдігінің мәліметінше, аталған аумақта барлау мақсатында бұрғылау жұмыстары басталған. Мамандар ұңғыманы 2 700 метр тереңдікке дейін жеткізіп, мұнай мен газ қорының бар-жоғын анықтауды көздеп отыр.

Маңғыстауда жаңа мұнай кен орнын анықтауға бағытталған бұрғылау басталды
Фото: Маңғыстау ауданының әкімдігі

— Барлау жұмыстарын «BS КаспийСервис» компаниясы жүргізеді. Тапсырыс беруші — «Керуен логистик» ЖШС, — делінген хабарламада.

Компания өкілі Нысанбек Жалғасовтың айтуынша, мұнай-газ кен орнын барлауға рұқсат 2022 жылы алынған. Ал ұңғыманы бұрғылау жұмыстары 2026 жылғы қыркүйектің басында басталған.

Маңғыстауда жаңа мұнай кен орнын анықтауға бағытталған бұрғылау басталды
Фото: Маңғыстау ауданының әкімдігі

Қазір мамандар 1 мың метрден астам тереңдікке жетті. Бұрғылау жұмыстары жалғасып жатыр.

Барлау нәтижесінде мұнай қоры анықталған жағдайда, аумақта жаңа өндіріс орнын ашу мүмкіндігі қарастырылады.

Бұған дейін, Маңғыстауда Жетібай ауылында 9 мың тонна мұнай қалдығы төгілген аумақ қараусыз қалды.