Маңғыстаудағы қайғылы оқиға туралы жалған ақпарат таратқандар жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM – Полиция Маңғыстау облысында болған төтенше жағдайға қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқан бірнеше азаматты анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркияда арандатушылық мақсатында әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқан 37 адам ұсталды
Фото: HaberGlobal

Полиция мәліметінше, Д.С. және Г.С. есімді азаматтар Facebook парақшаларында әскери қызметші А.А.-ның суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, өз бетімен жағаға шыққаны туралы ақпарат жариялаған. Сондай-ақ олар әскери қызметшінің ерлігі мен құтқарылу жағдайлары қасақана жасырылып отырғаны жөнінде мәлімет таратқан.

Тексеру кезінде Д.С. бұл ақпаратты алыстағы туыстарынан алғанын айтқан. Ал Г.С. мәліметті әлеуметтік желілерден көріп, шынайылығын тексерместен өз парақшасында жариялағанын түсіндірген.

Қорғаныс министрлігі аталған мәліметтерді ресми түрде жоққа шығарды. Ведомство ақпараты бойынша, әскери қызметші А.А. оқу-жаттығу кезінде жағалауда болып, жоспарға сәйкес өзіне жүктелген міндеттерді орындаған. Онымен бірге мерзімді әскери қызметтегі матрос М.Ә. болған. Қазір екі әскери қызметші де әскери бөлім орналасқан жерде қызметін жалғастырып жатыр.

– Әлеуметтік желілерде А.А.-ның өз бетімен жағаға жүзіп шыққаны, суға батып бара жатқан жолдасын құтқарғаны және оның ерлігі туралы ақпараттың қасақана жасырылып отырғаны жөнінде тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді, – делінген хабарламада.

Полиция бұдан бөлек Шымкент қаласының тұрғыны С.К. мен Көкшетау қаласының тұрғыны К.О.-ны анықтады.

С.К. Facebook парақшасында тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны, оның туыстарына қысым көрсетіліп, олардан ақша талап етіліп отырғаны туралы ақпарат жариялаған. Ал К.О. Маңғыстау облысында тағы бір әскери қызметшінің қаза болғаны жөнінде мәлімет таратқан. Полиция бұл ақпараттардың да шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Әкімшілік материалдарды қарау нәтижесінде сот шешімімен аталған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция басқа тұлғалардың материалдарын қайта жариялау да жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті. Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушыларын ақпараттың шынайылығын тексеріп, расталмаған мәліметтерді таратпауға шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын.