Маңғыстаудағы вандализм: Тарихи жәдігерлерді қорғаудың құқықтық тетіктері қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысындағы ежелгі петроглифтердің вандалдар қолынан бүлінуі қоғамда үлкен талқы тудырды. Мыңдаған жылдық тарихы бар жәдігерлерге салынған жазулар ұлттық құндылықтарға жасалған қастандық ретінде бағаланып отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен құқық қорғау саласының мамандары тарихи мұраны сақтау ережелері мен вандализм үшін қолданылатын жазаның қатаңдатылғанын мәлімдеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Азамат Жолаевтың айтуынша, еліміздегі барлық мәдени нысандар мемлекет қорғауында.
Ескерткіштер тізіміне енген нысанның айналасында арнайы қорғау аймақтары белгіленіп, онда кез келген құрылыс немесе шаруашылық жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
— Ескерткіштердің техникалық жай-күйі жылына кемінде бір рет тексеріледі. Арнайы паспорттар мен есеп карточкалары нысанның бастапқы тарихи келбетін тіркеп отырады. Бұл вандализм актісі орын алған жағдайда, келтірілген залалды дәл анықтауға мүмкіндік береді, — деді Азамат Жолаев Jibek Joly телеарнасының Бүгін.LIVE бағдарламасында.

Маман Маңғыстаудағы жағдайға тоқтала келе, бүлінген петроглифтер ерте темір дәуіріне жататынын, енді оларды зерделеп, алдын ала есепке алу тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Заңгер Бауыржан Айымбетов 2024 жылдың 5 шілдесінен бастап вандализм үшін жазаның айтарлықтай қатаңдатылғанын алға тартты. Егер бұрын бұл бап бойынша түрмеге жабу қарастырылмаса, қазір санкциялар күшейтілген.
— Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша вандализм үшін айыппұлдан бастап, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әсіресе, адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы немесе ұлттық, нәсілдік араздық тудыру мақсатында жасалған әрекеттердің жазасы өте қатаң, — деп түсіндірді заңгер.
Мамандар қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру мен тарихи жәдігерлерге зиян келтірудің құқықтық айырмашылығы бар екенін ескертеді.
Мәдени мұра нысандарын қорлау — қылмыстық іс (ҚК 294-бабы), ал қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік — ұсақ бұзақылық (ӘҚБтК 434-бабы) ретінде сараланады.
— Ұсақ бұзақылық: 5 АЕК-тен басталатын айыппұл және материалдық шығынды өтеу.
— Кәмелетке толмағандар үшін: 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің әрекеті үшін ата-анасына 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады (ӘҚБтК 448-бабы).
Сарапшылар тек жазаны күшейтіп қана қоймай, мектеп қабырғасынан бастап ұлттық мұраны қастерлеуді үйрету керек деген пікірде.
Айта кетейік, елорда полициясы қаладағы вандализмнің 70 дерегін тіркегенін хабарлаған едік.