Маңғыстаулық дәрігерлер жүкті әйелдің жүрегіне ота жасап, ана мен баланы аман алып қалды

АҚТАУ. KAZINFORM - Аймақта жүкті әйелдің жүрегіне алғаш рет күрделі ота жасалды. Оған қоса, дәрігерлер операцияны небәрі 2 сағатта аяқтаған.

Операция
Фото: Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Үшінші сәбиіне аяғы ауыр 28 жастағы науқас Жаңаөзен қаласының санитарлық авиациясымен облыстық көпбейінді ауруханасына шұғыл жеткізілген.

Жан-жақты тексеруден кейін оған митралды қақпақшаның жедел инфекциялық эндокардиті, митралды қақпақша жеткіліксіздігінің III-IV сатысы және өкпе гипертензиясы диагнозы қойылды.

Жергілікті кардиохирург дәрігерлер Ұлттық ғылыми кардиохируогия орталығы мамандарымен телемедицина арқылы кеңес өткізіп, отаны Ақтауда жасауға шешім қабылдаған.

- Науқасқа митралды қақпақшасын ауыстыру операциясын жасадық. Мақсатымыз ананы да, баланы да аман алып қалу болды. Сондықтан операцияны тез жасауға тырыстық. Себебі мұндай ота кезінде ананың жүрек соғысы уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар қан сұйылтамыз. Бұл да құрсақтағы балаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Операция кезінде акушер-гинекологтар ультрадыбыстық зерттеу жасап, жатырдағы баланың жағдайын тұрақты бақылауда ұстады. Соның нәтижесінде қауіп болмай, жақсы нәтижеге қолжеткіздік, - дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жүрек қан-тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ербол Кұдабаев.

Отаны кардиохирург дәрігерлер Ағзам Алдашев пен Ербол Кұдабаев жасаған. Оларға акушер-гинеколог Юлия Досаханова, анестезиолог-реаниматологтар Бақытжан Балғалиев пен Мәулен Жұмаділлаев көмектескен.

Бүгінде науқастың жағдайы жақсы. Жүктілігі жалғасуда.

Бұған дейін, Маңғыстауда Каспий теңізінің жағалауынан 279 итбалықтың өлексесі табылғаны туралы жазған болатынбыз 

Соңғы жаңалықтар