Маңғыстаулық экологтер аққулардың өліміне қатысты зерттеу нәтижесін жариялады

АҚТАУ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Каспий теңізі жағалауында аққулардың қырылғаны туралы ақпарат тарауына байланысты Маңғыстау облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары теңіз суынан сынама алып, зерттеу жүргізген.

Маңғыстаулық экологтар аққулардың өліміне қатысты зерттеу нәтижесін жариялады
Фото: Азамат Сәрсенбаев

Өлі құстар туралы шағымдар Сайын Шапағатов ауылынан және Ақтау қаласынан түскен. Осыған байланысты тексеру аталған екі елдімекенде жүргізілді.

— Атап айтқанда, биылғы 10 ақпанда су сынамалары Сайын Шапағатов ауылы маңынан алынды. Сондай-ақ, 11 ақпанда Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ресми хаты негізінде мамандар Ақтау жағалауынан қосымша су сынамаларын алды. Зерттеу жұмыстары 4А және 14-шағын аудандарда, сондай-ақ «Приморский» жағажайы маңында өлі аққулар табылғаннан кейін ұйымдастырылды. Алынған су сынамалары зертханалық талдауға жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша суда ластаушы заттар анықталған жоқ, — деп хабарлады экологтер.

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, аққулар өлімі жағдай жаппай сипатқа ие емес. Қазір аймақта құстар көші-қоны өтуде. Өңірде шамамен 25 мыңға жуық құс қыстап жатыр.

Бұған дейін, Маңғыстауда жағалаудан өлген аққулар табылған болатын.

Кейін аймақта неше аққу қырылғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум