Маңғыстаулық экологтер Оймаша көлінің ластануына алаңдап отыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Табиғат жанашырлары мен құзырлы мемлекеттік орган өкілдері Мұнайлы ауданындағы Оймаша көлінің экологиялық жағдайына назар аударды.

Маңғыстаулық экологтер Оймаша көлінің ластануына алаңдап отыр
Фото: Видеодан скрин

Өйткені, көлдің айналасына құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды бейберекет төгу тыйылмай тұр. Ал оның салдарын сол маңда тұратын тұрғындар тартып келеді. 
Осы мәселеге орай, облыстық экология басқармасының басшысы Армат Жүсіпқалиев, облыстық табиғат қорғау прокуратурасының басшысы Ілияс Сандыбаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев пен Атамекен ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Тастановтың қатысуымен көлдің жанында арнайы көшпелі жиын өткізілді.

Облыстық экология басқармасының басшысы Армат Жүсіпқалиевтің айтуынша, Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының әкімдіктеріне көлдің маңын тазартып, рұқсатсыз қоқыс полигонын жоюға бір апта уақыт берілген. 

— Көлдің аумағы жартылай қалаға, жартылай ауданға қарасты. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы біраз уақыт болды. Әйтсе де әкімдіктер осы полигонды көрмей отыр. Сондықтан ескерту берілді. 1 апта ішінде тазартулары тиіс. Орындалмаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, — дейді экология басқармасының басшысы.

Бұған дейін, Каспий теңізінің жағалауында 88 итбалықтың өлексесі табылғаны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар