Маңғыстаулық параспортшылар Қазақстан кубогына өз қаражатымен баруға мәжбүр болған

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының параспортшылары мен олардың ата-аналары Астана қаласында өтіп жатқан Қазақстан кубогы бойынша бочча жарысына өз қаражаттарымен барған. Себебі, облыстық спорт басқармасы тарапынан қаржы бөлінбеген.

бочча
Фото: Астана әкімдігі

Ата-аналардың айтуынша, параспортшылар бірнеше ай бойы дайындалған, бірақ жарысқа санаулы күндер қалғанда басқармадан қаржы бөлінбейтіні туралы хабар келген. 

— Балалар тамыз айынан бастап дайындалды. Сондықтан өз қаражатымызға билет алуға тура келді. 240 мың теңгеге билет сатып алдық. Кейбірі тіпті сол үшін несие алды. Қонақүйді де өзіміз төлеп жатырмыз. Балаларды жерге қарата алмадық. Биліктегілер мүмкіндігі шектеулі балалардан үнемдеуді жөн көрген сияқты. Көмек береміз деп, сөзінде тұрмады. Қаржы бөлінетіні туралы нақты жауап әлі жоқ. Бізді жай ғана көмексіз қалдырды. Кейбір ата-аналар қаржылай қиындыққа байланысты сапардан бас тартуға мәжбүр болды, — дейді ата-аналар.

Маңғыстау облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Қанат Маңғыбаевтың айтуынша, қаржының бөліндеуіне — есепшоттардың жабылуы себеп болған.

— Біздің қарамағымызда 37 мекеме бар, қазіргі уақытта «үзіліс» кезеңі жүріп жатыр. Осы уақытта есепшоттар толық жабылады, біз ештеңе жасай алмаймыз. Практикада төлемдер кешігіп жатады, ал кейде керісінше, бұрын жасалады. Барлығы жаттықтырушының өтінішін қашан бергеніне байланысты. Егер жаттықтырушы оқиғадан 10 күн бұрын өтініш берсе, бірақ есепшот жабық болса, біз ештеңе түзете алмаймыз. Сондай-ақ, айдың соңы болса да ештеңе істей алмаймыз, — дейді Қанат Маңғыбаев. 

Қанат Маңғыбаев балалардың Қазақстан кубогына қатысуы туралы жаттықтырушының өтінішіне басқарма басшысы қол қойып, бұйрық шыққанын жеткізді. 

— Қазынашылық есепшоттарды ашқан бойда қаржы параспортшылардың ата-аналарына аударылады, — деді ол. 

Бұған дейін, Астанада боччадан алғаш рет халықаралық жарыс өткен болатын

Соңғы жаңалықтар