Маңғыстау ауданындағы орталық саябаққа Қ. Жүсіповтың есімі берілді
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі орталық саябаққа облысқа танымал тұлға,
ауданның шаруашылық саласын қалыптастырып, дамытуға еңбек сіңірген басшы Қыдырбай Жүсіповтың есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қыдырбай Жүсіпов жетпісінші жылдары Шетпе ауылының коммуналдық-шаруашылық жұмыстарына басшылық етіп, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ауылды өркендетуге үлес қосқан азамат. Өңірден су көздерін ашуға бастамашы болып, егіншілікті жолға қоюға мұрындық болған. Бүгінде мал шаруашылығының орталығы болып отырған Шайыр ауылының негізін қалаған. «Еліміздің өркендеуіне осындай алтын бесік ауылдарымыздың гүлденуі бірінші кезекте серпін бермек. Бүгін біздер өткен ғасырдағы ерен еңбектің жемісі ? шөл далада бой көтерген әсем саябақтың мұрагері боп отырмыз. Осы бақты отырғызуда Қыдырбай Жүсіпов ағамыздың өзі бастама көтеріп, қамқорлығында ұстаған. Ендеше, ауыл ақсақалдарының ұсынысымен Ер есімін ел есінде мәңгі жаңғырту үшін саябаққа Қыдекеңнің атын беруді жөн көріп отырмыз», - деді облыс әкімі ашылу салтанатында.Сонау жетпісінші жылдары отырғызылған бақ Шетпе ауылының орталығын бойлай бір шақырымға созылып жатыр. Онда Халық батыры Ер Досанға, Ұлы Отан соғысынан оралмаған жауынгерлерге арнап қойылған ескерткіштер бар. Бүгінде жастар мен ауыл тұрғындарының сейілдеп қыдыратын орталығына айналған.