«Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның жаңа орталық диспетчерлік пункті ашылды
АҚТАУ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін «Маңғыстау электртораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның жаңа орталық диспетчерлік пункті ашылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Диспетчерлік орталық «МЭБК» электр жүйелерін жедел басқаруға арналған. «МЭБК» АҚ-ның жүйелері 35, 110, 220 кернеулік 56 кіші станса, 220 кернеулік 5000 шақырымнан астам әуе желілерін қамтиды. Жаңа диспетчерлік пункт кезекші диспетчерге бір мезгілде барлық жүйенің қызметін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Қандай да бір электр ақауын дәл анықтауға болады. Сонымен бірге технологиялық апат кезінде қауіпсіздік шараларын жедел іске қосуға жол ашады. Компания телемеханика жүйелерін жетілдірумен бірге электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматты жүйесін (ЭКЕАЖ) кезең кезеңімен іске асырып келеді. 2005-2008 жылдар аралығында «МЭБК» АҚ өз жүйелерін дамытуға 5,5 млрд теңге жұмсады. Жүйелерді дамыту жоспары бойынша 2009-2010 жылдары Бейнеу және Өмірзақ кіші стансыларын қайта құрастыру көзделіп отыр. Жалпы құны 2 млрд теңге болатын қосымша жұмыстардың шығынын «ВВ+» рейтингтік бағалау облигацияларын шығару мен қосылған қуат төлемдерінің есебінен жабу жоспарлануда. «МЭБК» АҚ жүйелерін дамыту шаралары «Ақтау халықаралық сауда теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы, Каспий энергетикалық хабі секілді өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың іске асырылуы үшін стратегиялық маңызға ие.