Маңғыстау мектептеріне жаңа оқу жылында 300-ге жуық жас мұғалім келеді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда 1-сыныпқа қабылдауға 20 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева мәлім етті.

Маңғыстау мектептеріне жаңа оқу жылында 300-ге жуық жас мұғалім келеді

Спикердің айтуынша, биыл мектептердің бірінші сыныбына 19530 оқушы қабылдау жоспарланған.

- 8 тамыздағы жағдайына ата-аналардан 19 660 өтініш қабылданды. Жалпы оқушы контингенті былтырмен салыстырғанда 8 мың оқушыға артып, 175 мың оқушыны құрайды деп болжанды,-деді Г. Мамаева.

Жалпы, Гүлмира Қасымқызы 2022-2023 жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, биыл 300-ге жуық жас маман келеді.

Оған қоса, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Маңғыстау облысына үздік педагогтартарды тартуға арналған бағдарламасына сәйкес үздік мұғалімдер келмек.

Өңір бойынша күндізгі мемлекеттік мектептерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмыс жасап жүр.