Маңғыстау облыстық сотында кәмелетке толмағандардың құқықтары талқыланды

Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.
Дөңгелек үстелге Маңғыстау облыстық сотының судьясы, оқу бағдарламасын ұйымдастырушы Гүлжахан Иманғалиева, Маңғыстау облыстық сотының судьясы Ғафур Шаров, ювеналды полиция тобының инспекторы Аманнилла Абдуатов, Балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Балнұр Әлібекова және тағы басқалар қатысты.
Ювеналды соттар жұмысының маңыздылығы, аймақтағы кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталу деңгейі, соңғы жылдары елімізде белең алған кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты азаматтық және қылмыстық істердің ауқымы және басқа да мәселелер дөңгелек үстелдің басты тақырыбы ретінде талқылауға түсті.
«Мен жақында Астана қаласында өткен семинарға қатыстым. Астана қаласының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотында жүргізілген жұмыстар 5 жыл ішінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық деңгейінің төмендеуіне ықпал еткен. Жалпы, балалардың сот өндірісінің назарына ілінуі барлық құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін жасөспірімдермен, олардың ата-аналарымен, білім қызметкерлерімен жұмыстың толыққанды жүргізілмейтіндігіне қатысты дабыл екендігін әлемдік тәжірибе дәлелдеп берді. Осыған сәйкес, біздің соттар өз жұмысын ювеналды әділет жүйесіне тартылған құқық қорғау органдарымен, әлеуметтік қызметкерлермен, білім, денсаулық сақтау салаларымен, психологтармен етене әріптестік орната отырып, үйлестіруді көздейді»,- деді Ақтау қалалық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айдарбек Тіленов.
Ал, кәсіпқой медиатор Владислав Трифонов: «Біздің елімізде де дауларды реттеудің баламалы құралы ретінде, әсіресе медиацияның рөлі зор. Мәселен, кішігірім ауырлықтағы қылмыс жасаған немесе бірінші рет орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кәмелетке толмаған сотталушыларға қатысты істерді қараған кезде, сот оны ҚК-тің 82-бабында көзделген тәрбиелік әсері бар мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып, қылмыстық жауапкершілікке тартпай-ақ түзеуге болатындығын түбегейлі тексергені жөн. Бір сөзбен айтқанда, жасөспірімдерге қатысты қылмыстық істерге түбегейлі әрі салиқалы қарау әрқайсымыздың борышымыз», -деді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар көтерілген мәселелерді күн тәртібінен түсірмеу туралы шешім қабылдады.