16:50, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Маңғыстау облысы халық санағына толықтай дайын
АҚТАУ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысы бойынша санаққа қатысатын қызметкерлер құрамының құжаттары түгел қабылданып болды.

Олар - 47 санақ бөлімінің меңгерушілері, 381 нұсқаушы-бақылаушылар және 1535 санаушы. Сонымен қатар, осы қызметкерлер отыратын санақ учаскелері де барлық жағдайы жасалып, жұмыстарды бастауға дайын етіп қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Статистика департаментіне сілтеме жасап. «Халық санағына толықтай дайынбыз деп айта аламын. Қызметкерлеріміздің құрамы түгенделді. Олардың барлығы да мекемелерден, қоғамдық жұмыстардан тартылған немесе жұмыссыз азаматтар. Бөлім меңгерушілеріне жоғары білімді, бұрын санаққа қатысқан тәжірибесі бар азаматтарды таңдап алдық. Облыс бойынша 98 санақ учаскесі болатын болса, олардың барлығы да байланыспен, қажетті құрал-жабдықтармен, жарық-жылумен қамтамасыз етілді. Соңғы 25 учаскені жабдықтауды осы аптада аяқтадық. Ұйымдастыру жоспарлары бұған дейін жасақталып, бекітіліп қойылған. Көлікпен жергілікті әкімдіктер санақ кезеңінде қамтамасыз ететін болады. Өзара әріптестік бойынша бұйрықтар барлық мекемелермен жиналып алынды. Ендігі бағыт ақпараттық-насихаттық жұмыстарға арналмақ»,-дейді облыстық Статистика департаменті бастығының орынбасары Шолпан Шақабаева.98 санақ учаскесінің ең көбі Ақтау қаласында ? 23. Жаңаөзенде ? 11, Бейнеу мен Қарақияда ? 15-тен, Маңғыстауда ? 12, Мұнайлыда ? 6, Түпқарағанда ? 16 учаске бар. 47 бөлім меңгерушісінің 17-сі Ақтауда, 11-і Жаңаөзенде, Мұнайлы мен Бейнеуде ? 5-тен, Қарақия, Түпқараған, Маңғыстауда ? 3-еуден.