Маңғыстау облысында 50 сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленді

АҚТАУ. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы бойынша ЭҚСЖКД анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтар бойынша өткен брифингте айтылды.
None
None

МО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Мәлік Уәйісовтың мәлімдеуінше, 2011 жылы департамент 50 сыбайлас жемқорлық қылмысын әшкерелеген. Келтірілген залал 256,4 млн. теңгені құрайды.  Сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы 49 іс сотқа жолданған. 

Өңірдегі сыбайлас жемқорлық қылмыстардың ең көп тараған түрі - бюджет қаражатын ұрлау, қызметтік жалғандық жасау, парақорлық , қызмет өкілеттігін теріс пайдалану болған. 

Барлық анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жартысына жуығы Ақтау қаласында,  40 % - Жаңаөзен қаласында, қалған 12 %  - басқа аудандарда жасалған. 

Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың субъектілері бойынша: ауыл әкімдеріне қатысты - 3 қылмыстық іс, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне қатысты - 16  қылмыстық іс, мемлекеттік кәсіпорынға қатысты - 7 қылмыстық іс қоғалған. 

2011 жылы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру саласындағы заңдылықтарды бұзу фактісі бойынша 7 қылмыстық іс қозғалған, олардың ішінде «Жол картасы» бойынша - 4, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша - 3. 

Жасалған талдау басқа салаларға қарағанда сыбайлас жемқорлық көріністері көлік және коммуникация саласында (12 қылмыс), әлеуметтік салада (9 қылмыс), білім беру (6 қылмыс), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (5 қылмыс), құрылыс (4 қылмыс) салаларында көбірек екенін көрсетіп отыр. 

«Департаментте сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, мемлекеттік органдарға Департамент енгізген ұсыныстар бойынша 9 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Біз азаматтарымыздың белсенді азаматтық ұстанымына үміт артып, әрбір адам өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық көріністері туралы фактілерді қаржы полициясы органдарының бірыңғай санды «144» сенім телефонына хабарлай алатынын еске саламыз», - дейді Маңғыстау облысы бойынша ЭҚСЖКД бастығының орынбасары Мәлік Уәйісов.

Соңғы жаңалықтар