Маңғыстау облысында балық өсіруге 20 млн теңгеден астам субсидия бөлінді

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Биыл Маңғыстау өңірінде балық өсіру ісіне мемлекеттен 20 млн теңгеден астам субсидия бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

20 млн теңгенің балық азықтарын сатып алуға 17 млн 750 мың теңге, дәрілік препараттарды сатып алуға 40 мың теңге, балық өсіру материалын сатып алу шығыстарын өтеуге 1 млн 200 мың теңге, балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алуға және күтіп ұстауға 510 мың теңге және балық өсіру биологиялық негіздемесін жасату шығындарын өтеуге 1 млн теңге бөлінген.

Өңірде балық шаруашылығын қолдау бағытында 2022 жылдан бастап 2023 жылдың шілдесіне дейін кәсіпшілік балық аулауға 8 974 тонна квота берілген. Бүгінде оның 4 915 тоннасы игерілді.

«Биыл мемлекет балық шаруашылығын дамыту үшін субсидиядан бөлек бірқатар қолдау шараларымен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыруға шектеулер алынып тасталды. Сонымен қатар 2022 жылы өңірімізде 793 балықшы тіркелсе, биыл олардың саны 1 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіштің барлығы балық шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетеді», - деді Маңғыстау облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев брифинг барысында.

Маңғыстаулық кәсіпкерлердің асыл тұқымды балық өсіруді дамыту үшін қаражат алуға мол мүмкіндігі бар.

«Субсидиялар жергілікті бюджетте тиісті жылдың 1 наурызынан 1 желтоқсанына дейін көзделген қаражат есебінен төленеді. Оны алу үшін kezekte.kz веб-порталына жеке немесе заңды тұлға ретінде тіркелесіз. Тіркелу сәтті аяқталғаннан кейін жеке кабинетке кіріп, сервистер бөлімінен «BALYQŞY», оның ішінде «Акваөсіру» бөлігіндегі қажетті шығыстарды өтеу бойынша субсидилау батырмасын басу керек. Қосымша сұрақтар бойынша Маңғыстау облысының Балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлеріне жүгінуге кеңес беремін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар
telegram