Маңғыстау облысында отарлы мал шаруашылығын дамыту көзделген

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Каспий» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Маңғыстау облысында отарлы мал шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамытуды жоспарлап отыр. Пилоттық жоба ӘКК еншілес ұйымы - «Қарағантүбек» ЖШС базасында жүзеге асады. Бұл туралы «Каспий» ӘКК» ҰК АҚ басқарма төрағасы Ибрагим Тағашев мәлім етті.
None
None

Бірінші кезеңде Үстіртте екі мың бас қойды отарлап бағу көзделген, деп жазады Лада.кз.

«Кеңес одағы кезінде де облысында отарлы мал шаруашылығы дамыған. Әкімдікпен келістік, олар бізге жалға жер береді. Жобаны мамыр айында екі мың бас қойдан бастамақпыз. Күзде оларды отарға жіберіп көреміз. Жұмысымыз жемісті болса, оның аясын кеңейтіп, ниет танытқандарды бұл іске тартып, осылайша мал басын көбейтеміз», - деді Ибрагим Тағашев.

Спикердің сөзіне қарағанда, бұрын «Каспий ӘКК» ауыл шаруашылығы жобаларымен айналыспаған.

«Бұл - бизнестің ауыр бағыттары. Алайда ӘКК бизнес үшін қиын тұстарда қызмет етеді. Біз өзімізге басым бағыттарды анықтадық. Олар - сумен қамту, ауыл шаруашылығы, ет жеткізу, мал шаруашылығын дамыту, мал бордақылайтын алаңдар мен оларды сою цехтарын ашу, мал азығын жеткізу, көкөніс қоймасын құру, тамшылап суару жүйесі мен балық шаруашылығын дамыту», - деді Ибрагим Тағашев.

Соңғы жаңалықтар