Маңғыстау облысында ТКШ бағдарламасы аясында көппәтерлі 27 тұрғын үй жөндеуден өтеді
АҚТАУ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Биыл Маңғыстау облысында көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 812,5 млн теңге бөлінді.
Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын іске асыру барысына қатысты өткізген семинарда айтылды.
Семинарда айтылғандай, бағдарлама аясында Маңғыстау облысында көппәтерлі 27 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу қарастырылуда. Атап айтқанда, Қарақия ауданының Құрық ауылында - 1, Жаңаөзен қаласында - 10 және Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында - 1 үйге жөндеу жұмыстары жасалмақ. Жөндеу бағдарламаның бірінші тетігі бойынша жасалмақ.
Ал екінші тетік бойынша Ақтау қаласындағы 15 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Маңғыстау облысында көп пәтерлі 1407 тұрғын үйдің 759-ы жөндеуге жатады.
Жиын барысында «Нұр Отан» ХДП МОФ төрағасының орынбасары Мұханбет Жүнбасовтың мәлімдеуінше, Елбасы тапсырмасы бойынша Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын іске асыру жұмыстарын партия мен оның бақылау бекеттері қадағалайды.
«Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда көп пәтерлі тұрғын үйлердің 32 пайызы күрделі жөндеуге мұқтаж. Тұрғын үй қатынастарының жаңа моделі мен бірлескен қаржыландырудың арнайы тетіктерін құру есебінен 10 жылдың ішінде бағдарламаның екі кезеңінде (2011- 2015 және 2016-2020 жылдар) 11 624 үй жөнделетін болады. Осылайша 2015 жылы күрделі жөндеуді қажет ететін нысандардың үлесі 32-ден 22 пайызға дейін төмендейді. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін азаяды»,- дейді семинарға қатысқан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Тоқбибі Дүйішова.
Оның айтуынша, бағдарлама сондай-ақ жылу, электр және газбен қамтамасыз ету желілерін 50 пайыз жаңартуға мүмкіндік береді, сервистік компаниялардың үйлерді күтіп ұстау жөніндегі жұмысының сапасы мен ашықтығын қамтамасыз етеді, мұның бәріне үстіміздегі онжылдықтың ішінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының арқасында қол жеткізіледі. 2020 жылы жаңғыртылған желілердің ұзындығы 81,3 шақырымды құрайды. Осылайша жылу, электр жән газбен жабдықтау желілерінің 40-тан 50- ге дейінгі пайызы жаңартылатын болады.
Былтыр бағдарлама аясында Мұнайлы ауданының №45 үйі жөндеуден өткізілген болатын. Оған республикалық бюджеттен «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 24 млн. теңге бөлініп, қаражат толықтай игерілді. Сондай-ақ, «Ақтау тұрғын үй» ЖШС-ға да 275 млн.теңге мөлшерінде қаражат бөлінді, Ақтау қаласының 4-шағын ауданында №2 , №56 үйлеріне, 11 шағын ауданында №8б үйіне және 3-шағын ауданында №156 «а» үйіне жөндеу жүргізу қарастырылды.
Қазір тек 17,5 млн. теңгеге 3-шағын ауданда №156 «а» үйдің жөндеу жұмыстары аяқталуда. 2011 жылы 299,5 млн. теңгеден небары 41,5 млн. теңге игерілген.
Қазіргі уақытта биылға ауыспалы нысан ретінде 2-шағын ауданның №2 және №6 үйлерінде, 3-шағын ауданның №154а үйінде жұмыстар жүргізілуде.