Маңғыстау облысында жыл басынан бері 26 алаяқтық фактісі тіркелген

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысында жыл басынан бері 26 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың облыс тұрғындарымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
None

Марат Ахметжановтың 2023 жылға жоспарланған халықпен кездесуі Маңғыстау облысынан басталды. Кездесу барысында аймақтағы криминогендік ахуал туралы ақпарат берілді. Министр жалпы қылмыстың 66%-ы облыс орталығында жасалатынын атап өтті. Маңғыстауда 71 ұрлық, 1 мал ұрлығы, сондай-ақ жыл басынан бері бір ай ішінде 26 алаяқтық фактісі тіркелген.

Сондай-ақ, әкімдік пен полицияның нәтижелі жұмысының арқасында көпшілікке үлгі тұтарлық ауылдар пайда болды. Мәселен, Маңғыстау ауданының Оңды ауылы мен Түпқараған ауданының Таушық ауылында қабылданған шаралардың тиімділігінің арқасында бірде-бір қылмыс жасалмаған.

Тұрғындар мен аймақ журналистерінің сұрақтарына жауап беріп, даулы мәселемен жүгінген азаматтарды жеке қабылдаған министр облыстық полиция департаментінде де болды. Мұражайға соғып, өлке полициясының тарихымен танысты. Айта кету керек, 2019 жылы жаңартылған музей сол жылы Қазақстандағы полиция департаменттері мұражайлары арасында үздік үштікке кірген. Мұражай меңгерушісі Ақбала Едігеқызының сөзінше, кең үш залда 1,5 мыңнан астам құнды жәдігер бар.

Ал, қалалық полиция басқармасында ведомство басшысы кабинеттердің жарақтандырылуын тексеріп, жергілікті полицейлердің жұмысын зерделеді. Сонымен қатар, министрдің қатысуымен спорт кешені ашылды.

Марат Ахметжанов Маңғыстау облысы полициясының жеке құрамымен де кездесті. Әріптестерін қызметке адал болуға шақырып, кеткен кемшіліктерді жойып, олқылықтардың орнын толтыруға бірқатар тапсырма берді. Жиналыс соңында жоғары нәтижелі жұмысымен көзге түскен 15 қызметкерді марапаттады.

Соңғы жаңалықтар