Маңғыстау облысында жыл соңына дейін тағы бес балабақша ашылады

Оның айтуынша, биыл білім беру саласына жұмсалған қаражат 45,5 миллиард теңгені құраған. Қазіргі таңда өңірде 217 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеп, 29,7 мың баланы қамтып келеді.
- Білім беру нысандарын дамыту үшін барлығы 7,6 млрд теңге қарастырылған болатын. Оның 4,1 миллиарды республикалық бюджеттен, қалған 3,5 миллиарды жергілікті бюджеттен аударылған. Бүгінгі таңда барлығы 2790 балаға арналып 12 балабақша іске қосылды. Атап айтқанда, мұнайлы ауданында әрқайсысы 280 орындық - 2, Бейнеу ауданында әр қайсысы 140 орындық - 2, Түпқараған ауданында 140 және 50 орындық 2 балабақша, Ақтау қаласында 280 орындық 1 және жалпы 840 орындық 3 балабақша, Жаңаөзенде 640 балаға арналып 2 балабақша салынған. Сонымен қатар 760 балаға арналған 11 балабақшаны жеке кәсіпкерлер ашты. Ал жыл соңына дейін құрылысы жүріп жатқан 5 мектепке дейінгі мекемені пайдалануға береміз, - дейді С.Нарешова.
Айта кету керек, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Қарақия ауданындағы Жетібай ауылында 280 орынға шақталған жаңа балабақшаның құрылысы басталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының осынау бағдарламасымен Бейнеу ауылында 900 балаға арналған мектептің де құрылысы қызу жүруде.
- Ағымдағы жылы Қарақия ауданындағы Құланды мен Жетібай ауылдарында әрқайсысы 624 балаға арналған екі мектеп іске қосылды. Білім беру нысандарының екеуі де республикалық бюджеттің есебінен тұрғызылған. Осылайша, Маңғыстау облысында апатты мектептердің мәселесі түбегейлі шешілді, - дейді облыстық Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Нарешова.
Ал үш ауысымдағы мектептердің мәселесін шешу үшін Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ескі мектеп ғимараттарын жөндеуден өткізу үшін 1,6 миллиард теңге жергілікті бюджеттен бөлінді, бұл қаражатқа 7 ғимарат күрделі жөндеуден өтетін болады.
Естеріңізге салайық, облыс аумағындағы қазан айының басында екі балабақша пайдалануға берілген болатын. Екеуі де Түпқараған ауданында орналасқан, бірі - 140, екіншісі - 50 орынға лайықтап салынған нысандар.