Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Маңғыстау облысындағы мұнай кеніштерін игеруге келісімшарт алу мақұлданды - «Өзенмұнайгаз» АҚ

ЖАҢАӨЗЕН. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін «Өзенмұнайгаз» АҚ-да  директорлар кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті, деп хабарлады қоғамнңғ баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысындағы мұнай кеніштерін игеруге келісімшарт алу мақұлданды - «Өзенмұнайгаз» АҚ

Директорлар кеңесінің отырысында Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас мұнай кеніштерін игеру туралы келісім-шартты ҚМГ БӨ-ден алу жөнінде шешім қабылданды.

Сонымен қатар, жиналыста басқарма, корпоративтік хатшы, бюджеттеу туралы ережелер, есеп саясаты сияқты қоғамның ішкі қызметін реттейтін құжаттар бекітілді.

Директорлар кеңесінің отырысынан кейін «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылығы еңбек ұжымдары және кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Бұл кездесу барысында Қоғамның еңбек ұжымына 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының қызметкерлері «Өзенмұнайгаз» АҚ-на еңбек шарттарына қосымша келісім жасау арқылы өтетіні түсіндірілді. Қызметкерлердің «Өзенмұнайгаз» АҚ өтуі Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49 және 285 баптарындағы нормаларға сай жүзеге асырылады және қазіргі еңбек шарттарында қарастырылған жағдай және қолданыстағы ұжымдық шартта  көрсетілген барлық кепілдіктер, өтемақылар мен төлемдер сақталады.

 «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 100% еншілес компаниясы. Компания 2012 жылы «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының акционерлік қоғамға айналуы арқылы құрылған. ӨМГ 2004 жылдан 2012 жылға дейін ҚМГ БӨ өндірістік филиалы болған. 2011 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Өзен және Қарамандыбас кен орындарында «дәлелденген, ықтимал» (2Р) санаты бойынша алынатын мұнай қорлары 166 млн. тоннаны құрады.