Маңғыстау облысының әкімі: Қашаған мұнайын Құрық арқылы тасымалдау мәселесі шешілген жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қашаған мұнайын Құрық айлағы арқылы тасымалдау мәселесі шешілген жоқ. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер сауалына жауап берген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев осылай мәлім етті.
«Бір кездері Қашаған мұнайы «Құрық» порты арқылы тасымалданатыны туралы мәселе көтерілгені рас. Алайда, қазіргі күні бұндай мәселе шешілген жоқ. Дегенмен, бұл мәселе Қашаған кен орнын дамытудың келесі кезеңдерінде қарастырылуы да мүмкін. Қашағанды игерудің бірінші кезеңінде барлық мұнай Қарабатан зауытына, одан әрі Каспий мұнайқұбыры консорциумы жүйесі арқылы тасымалданатын болған», - деді А. Айдарбаев.
Сөз арасында облыс басшысы «Қашаған» кен орны негізінен Атырау облысына қарайтынын, ал Маңғыстау облысында негізінен теңіздегі операцияларды қолдауға бағытталған жұмыстар атқарылатынын атап өтті.