Маңғыстау облысының әкімі мұнай өндіру компанияларына салықты төмендетуді ұсынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев мұнай өндіруші компанияларға салықты төмендетуді ұсынды.
Облыс басшысының сөзіне қарағанда, кез келген компанияның жұмысы, соның ішінде мұнайгаз өндіретін компанияның қызметі салықтық жүктемеге тығыз байланысты. «Менің ойымша, егер біз мұнайға бағаның жақсы деңгейде тұрған кездегі ескі салықтық жүктеме бойынша жұмыс істей берсек, онда бұл компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі де, рентабельділігі де төмендей береді. Сондықтан да, балама шара ретінде салықтық жүктемені төмендету қажет. Сонда ғана олар рентабельді емес санаттан көтеріле алады», - деді А. Айдарбаев.
Оның пайымынша, салықтық жүктемелер мұнай өндіруші компаниялардың одан әрі жұмысына тікелей әсер етіп жатыр. Бұл ретте өңір басшысы мәселені Үкімет деңгейінде көтеретінін мәлім етті.
«Мен мұнай өндірудің бұған дейінгі көлемі сақталады деп ойлаймын. Дегенмен, кеше Үкіметте Энергетика министрі мұнай бағасы 40 доллар болғанда Қазақстанда 77 млн. тонна мұнай өндірілетінін, ал 30 долларға түскенде төмендейтінін айтқан еді. Яғни, елімізде мұнай бағасына байланысты оны өндіру көлемін де өзгертетін сценарий бар. Әйтсе де, бұл жағдайды қолдану біздің өңірге келіңкіремейді, өйткені бұл сала біздің негізгі макрокөрсеткіштеріміз болып табылады. Сол үшін біз барын сала осы деңгейді сақтауымыз керек. Сондықтан да, мен Үкімет алдына мұнайшылар үшін салықтық режімді жеңілдету туралы мәселе қойғалы отырмын. Біз қандай жағдай болмасын мұнай өндіру деңгейін сақтап қалуға тырысамыз», - деді облыс басшысы.