Маңғыстауда 13 жасар бала төрт бауырын өрттен аман алып қалды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Түпқараған ауданы, Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны 13 жастағы Әмірхан Дархан 4 бауырын өрттен аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда 13 жасар бала төрт бауырын өрттен аман алып қалды

Әмірхан Дархан бүгін жас батырға айналды. Ол қызыл жалын шарпыған үйден 9, 11 жасар інілері мен 2, 4 жастағы екі қарындасын аман алып шықты. Осы кезде балалардың ата-анасы түнгі кезекшілікте жұмыста болған. 

Оқиғаны еске алған Дархан тек бауырларын  құтқару - басты мақсаты болғанын айтады.

«Түнгі мезгілде бауырларымды ұйықтаттым. Бірақ өзімнің көзім ілінбеді. Ұйқым келмеді. Сағат түнгі 2-лер шамасы. Үйдің ішін қайта-қайта аралап, бірнәрсе болатындай сездім. Кейін көзім ілініп кетіпті. Оянып кетсем, үйдің іші көк түтін. Бірден інілерімді оятып,  қарындасымды көтеріп, далаға шығардым»,-дейді Әмірхан Дархан.

Тұрғын үй өрті туралы МО төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің басшысы Ерлан Мауленов айтып берді.

«Сағат 02.45-те 2 көлік аталған орынға жетті. Одан сағат 3.15-те үшінші көлік кетті. Барлығы 24 адам жұмылдырылды. Өкінішке орай, үй толықтай жанып кетті. Көрпе-төсек, киім-кешек бәрі өртенді. Қызы жалын толықтай сағат 4.20-да сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталуда»,- деді Ерлан Мауленов.

Сол күні Әмірхан іні-қарындастарын көршісінің үйіне апарып тастап, бірден 101-ге қоңырау шалып, төтеншеліктерді күтіп алған. Осы жағдайға орай, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, төтенше жағдайлар департаменті мамандары жас батырды марапаттап, алғыс хат берді.

Айта кетейік, оқиға 26 сәуір күні түнгі сағат 2.30 шамасында болған. 5 бөлмелі үй толықтай жанып кетті.