20:20, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Маңғыстауда арзан азық-түліктер жәрмеңкесі тұрақты жалғасуда
АҚТАУ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысында азық-түлік бағасын арзан ұстап тұру мақсатында құрылған «Берекет» МКК-нің өткен демалыс күндері өткізген жәрмеңкесінде халық нөпірі анағұрлым көп болды.

Жалпы соңғы уақыттары аталмыш жәрмеңкеге деген халықтың сұранысы артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Біз тауарларымыздың бағасын базардағыдан 20-25 пайызға төмен ұстаймыз. Сол себепті, тауарлардың өзіндік құнын сақтау үшін оны тікелей өзге облыстардағы өндірушілерінен көп мөлшерде алдырамыз. Былтырдан бері өткізіп жүрген жәрмеңкемізде соңғы уақыттары сатып алушылардың қатары артып келеді. Тіпті ертерек келіп күтетіндер де бар. Ал бүгінгісінде кезекте тұрғандардың қатары тіпті көп. Соған сәйкес, сауда нүктелерінің қатарын 33-ке дейін көбейттік. Ал алғашында бізде небары 5-6 сауда нүктесі жұмыс жасайтын», - дейді «Берекет» МКК директоры Қаржау Аққұлов.Жәрмеңкеде мемлекеттік кәсіпорынның тауарларынан басқа, жергілікті азық-түлік өндірушілерінің тауарлары да сатылды. Олардың ішінде, сүт зауыты, шұжық комбинаты шығарған мал өнімдері де бар. Мысалға 1 килә жылқы еті ? 500 теңгеден, 10 жұмыртқа ? 135 теңгеден, 1 литр қаймақ ? 200 теңге болып отыр.