Маңғыстауда кәсіпкерлікке қызмет көрсету және қолдау бойынша 7 орталық ашылады
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Жақын күндері Маңғыстау облысының бүкіл аудандарында, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге арналған 7 нысан ашылады.
«Ақтау қаласында кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығы болса, қалған барлығы - кәсіпкерлікті қолдау орталықтары», - деп хабарлады «Даму» қоры бағдарламаларының тұсаукесері барысында студенттермен өткен кездесуде аймақтық Кәсіпкерлер палатасының мүшелерімен жұмыс жүргізу бөлімінің бастығы Айтмұхамбет Жылгелдиев. Шараны Ақтау қаласының әкімдігі, «Даму» қорының филиалы, аймақтық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері ұйымдастырды.
Тұсаукесерге жеке ісін ашуға ниетті 70 жас адам қатысқан. «Жас кәсіпкер мектебі» бағдарламасы талапты жастардың ерекше қызығушылығына бөленді.
«Аталған орталықтарда жас кәсіпкерлер түрлі кеңестер, түсіндірулер, ақпарат, сондай-ақ қызметтер мен т.б. алатын болады. Белгілі болғандай, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясындағы «Бизнес кеңесші» және «Бизнес өсім» жобалары қысқа мерзімдік оқыту және бизнесті жүргізу мен дамытудың функционалдық бағыттары бойынша тренингтерді өткізуді, оқу-әдістемелік материалдың стардарттық пакетін тираждау және ұсынуды, ақпараттық-талдамалы қолдау және т.б. көздейді. Ақпарат өте көп, сондықтан жас азаматтар орталықтан бизнесті ашу және жүргізу мәселелері бойынша кешенді кеңесті алу мүмкіндігіне ие болады», - деді Айтмұхамбет Жылгелдиев.
Палата өкілдерінің атап өтуінше, биылғы жылы аға буын тарапынан қолдау алғысы келген жастар үшін Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы өз ісін бастап жатқан кәсіпкерлерге арналған Бизнес мектеп пен Жастардың кәсіпкерлік кеңесі өз жұмысын бастайды. Аймақтық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры және Ақтау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің өкілдері белсенді студенттердің барлық сұрақтарына толыққанды жауап берді.