Маңғыстауда Каспий теңізін зерттейтін ғылыми орталық ашылады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Өңірде Каспий теңізінің жағдайын зерттейттінғылыми орталық ашылады. Бүгін Түпқараған ауданы әкімдігі мен Yessenov университеті осындай меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда Каспий теңізін зерттейтін ғылыми орталық ашылады

Екіжақты әріптестік негізінде шет елдерден келген мамандар Каспийдің балықтары мен өсімдіктері туралы ақпарат жинақтайды.

Балықтар популяциясын зерттеу. Олардың жүзу ағысының бағытын анықтау. Каспий теңізінің экологиялық мәселелерінің алдын алу. Бұл екіжақты әріптестік арқылы жүзеге асырылатын қадамдар. Ресей, Корея, Әзербайжаннан келген ғалымдар мен мамандар Каспийді зерттеуге атсалысады. Осылайша,өңірге ғана емес, республикаға тиімді жобаның берер мүмкіндігі мол болмақ.

«Каспий өңірінде теңіздің жағдайын зерттейтін ғылыми-зерттеу институттары жасақталмаған. Қазіргі таңда Каспийдің температурасының өзгеруі, балық миграциясы кең ауқымда зерделенбеген деп айтуға болады. Тек техногенді факторлар болған жағдайда ғана ғалымдар келіп кетеді. Енді тұрақты түрде айналысатын кез келді. МГУ базасындағы океанология институтымен бірге 1 жыл бұрын осы туралы бастадық, бірге жұмыс жасаудамыз»,-дейді Ш. Есенов атындағы КМТИУ ректоры Берік Ахметов.

Жоба мақсаты - теңізде балық қорын көбейтуге атсалысу. Сондықтан3 жыл ішінде Каспий теңізі толығымен зерттелмек. Балық шаруашылығын дамыту үшінкәсіпорындарымен де байланыс орнатылмақ. Су температурасы төмен болғандықтан, оны энергия қуатын пайдалану арқылы жылыту туралы ұсыныстар әзірленеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, осыдан 15-20 жыл бұрын Форт-Шевченко, Баутино, Аташ жағалауларында балық мол болған. Ал, қазір ашық теңізге шығып кемемен аулауға да мүмкіндік болмай отыр.

«Біріншіден техниканың жетіспеушілігі, екіншіден жағада сақтайтын қойманың жоқтығы, үшіншіден қайта өңдейтін цехтың жоқтығы. Осы жұмыстар балықтың дамуына бірден-бір кедергілер деп атауға болады»,-дейді Түпқараған аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Дәулет Утебалиев.

Ауданда 6 айда 18 лицензиясы бар табиғат қорын пайдаланушыларға 10 түрлі балық аулауға рұқсат етілген. 1859 лимит белгіленген. Қазір 111 бригада, 480 адам рұқсат алып отыр. Бұл көрсеткіш, болашақта артуы үшін балық санын арттыру керек,-дейді тұрғындар

null