Маңғыстауда «Мұнай-2009» республикалық командалық штабтық оқу- жаттығулары өтпек
АҚТАУ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында маусым айында «Мұнай-2009» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтпек,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оқу-жаттығулары «Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің солтүстігінде мұнай төгілуінен болатын залалды жою, оның алдын алу және өзге де жұмыстарды жүргізуге дайындық» тақырыбында өтеді. Еліміздің ішкі сулары мен теңіздеріне мұнай төгілуінің әсері жөніндегі Ұлттық жоспар мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Жедел жоспарына» сәйкес өтетін оқу-жаттығуларына ҚР Төтенше жағдайлар министрінің өзі жетекшілік етпек. Жаттығуға сондай-ақ Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Иран елдері де қатысады деп күтілуде. Қазақстан жағынан тек төтенше жағдайлар министрлігі ғана емес, энергетика және минералды ресурстар, көлік және коммуникация, қоршаған ортаны қорғау министрліктерімен қоса, шекара қызметі, «Қазмұнайгаз» компаниясы өкілдері де осы істің басы-қасында жүрмек.