Маңғыстауда мұнай кәсіпорындары 2 млн тоннаға жуық топырақты ластап, бүлдіріп кеткен

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда жалпы салмағы 2 млн тоннаға жуық топырақ мұнаймен ластанған. Бүгінге дейін соның 500 мың тоннасы тазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маңғыстауда мұнай кәсіпорындары 2 млн тоннаға жуық топырақты ластап, бүлдіріп кеткен

Жерді осыдан елу бұрын жұмыс істеген мұнай кәсіпорындары бүлдіріп кеткен.

Қазір мамандар еуропалық үлгідегі құралдарды қолданып, залалсыздандыру жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартады.

Топырақ ластану деңгейіне қарай бірнеше сұрыпқа бөлінеді. Залалсыздандыру кезінде жер құрамынан құм, саз және мұнай эмульсиясы бөлінеді.

Бұдан соң топыраққа мал тезегі, минералды тыңайтқыштар мен Қазақстанда жасалған биоөнім қосылады. Ол өз кезегінде мұнай қалдығын қышқылдандандырады.

Мамандар осылайша тазалаудан өткен жер учаскесіне дәнді- дақыл егіп, сынақтан өткізген.

Қарақия ауданында ластанған аумақтарды тазалау үшін мұнай компаниясы 2019 жылы мемлекеттік органдармен меморандумға отырған.

Мұнай қалдығы аралас жер учаскелерін өңдеуге 13 млрд теңге бөлініпті. Қазіргі кезде жұмыс екі ауысыммен жүріп жатыр.

Тазаланған топырақтың табиғатқа зияны жоқтығын 3 тәуелсіз зертхананың сараптамасы көрсеткен.

«Келісімшарт аймағында ластанған 2 млн тоннаға жуық тарихи ластанған жерлер бар. Қазіргі кезде мұнай компаниясы 500 мың тоннадай қалдықтарды тазалады. 2025 жылы осы жұмыстарды толықтай аяқтап, мемлекет меншігіне беруі тиіс. Ол жұмысты біздің департамент бақылауға алды», - дейді Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.