Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Маңғыстауда сәбидің шетінеп кетуіне қатысты істің соңы дауға айналды

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы перинаталдық орталықтағы жаңа туған сәбидің шетінеп кетуіне байланысты оның анасы мен туыстары шығарған дау-дамай басқа қырынан жалғасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Маңғыстауда сәбидің шетінеп кетуіне қатысты істің соңы дауға айналды

Мұнайлы ауданының тұрғыны Гүлзира Айтешова 7 мамыр күні салмағы 1 келі 770 граммдық шала туған баласының өліміне біліксіздік пен жемқорлыққа жол берген дәрігерлерді кінәлауда. Алайда, дәл осы уақытта босанған басқа да әйелдер дәрігерлерді қорғап шығып, петицияға қол қойған.

Жаңа босанған келіншек жүкті кезінде ЖРВИ-мен науқастанып, толықтай емделмеген. Амбулаторлық ем қабылдаған - бұл туралы деректер оның медициналық картасында көрсетілген.

«Ол бізге жүктіліктің 29-шы аптасында шарананың босанарға дейін уақытынан бұрын жарылуы, ЖРВИ-дің қалған белгілері диагнозымен келіп түсті. Бұрын көп бала тапқан анадан жатырдан кесар тілігі арқылы бала алынды. Жаңа туған қыз үш күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, кейін қарқынды терапия палатасына ауыстырылды. 2 күн өткеннен соң сәбиден тыныс алу жолдарының бұзылуы байқалды, кейін жансақтау бөліміне қайта ауыстырдық. Жасанды дем беру құрылғысы арқылы үздіксіз терапия жүргізілгеннен кейін, оның жүрек соғуы тоқтап, миына қан құйылды. Оған  «Қарынша ішіне қан құйылу. Респираторлық дистресс синдромы» диагнозы қойылды.

Ана мен балаға толықтай медициналық көмек көрсеттік. Мамандардың дөрекі сөйлеуіне және немқұрайлы қарауына жол бермедік. Керісінше, оған қолдау көрсетіп, психологиялық көмек көрсету мақсатында психологты шақырдық. Алайда әйел мен оның туыстары бізге зәбір көрсетіп, қорлады. Жансақтау палатасына видеокамерамен кіріп келіп, мамандардың жұмыс жасауына кедергі келтірді», - деді Маңғыстау облыстық перинаталдық орталық директоры Жамал Жаманбаева.

Бұдан басқа, орталық басшысының айтуынша, әйел адам заңсыз стерилизация жасады деп шағым түсірген. Алайда, ол қажетті құжаттарға өзі қол қойған. Құжаттардың қолдан жасалғанын алға тартып, кінә артып отыр. Облыстық перинаталдық орталықтағы басқа да науқастар осы оқиғаға байланысты өз пікірлерін білдірді.

«15 наурыз күні 1 келі 910 грамм қызым дүниеге келді, туғаннан кейін оны жансақтау бөліміне жатқызды. Екі ай өтті, бізден ешқандай дәрігер ақша талап етпеді, менде ешкімге ақша берген жоқпын. Біз қазір осы орталықтың жаңа туған сәбилерді күту бөліміндеміз. Мен дәрігерлер мен медбикелердің еңбегін бағалаймын, алғысым шексіз», - деді жас ана Лаура Сапарбаева.