07:58, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Маңғыстауда жол-көлік оқиғаларының азаю үрдісі байқалады
АҚТАУ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ -Қаңтар айының 12-сі мен 18-і аралығында облыста 4 жол-көлік оқиғасы болып, 4 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Бұл аптада жол инспекторлары 1328 жол ережесін бұзу фактілерін тіркесе, 28 адам мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Жалпы соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары күрт азайды. Бұл осы кездегі ауа райының өзгеруімен тікелей байланысты. Әдеттегіден қалың қар жауып, қалааралық тасжолдар жабылғалы, қозғалыс та азайды. Ал елді мекендердегі жолдарда көктайғақ. Сондықтан, жүргізушілер жол қозғаласы қауіпсіздігіне ерекше назар аударуда. Көп адамдар көліктерін тұрақтарға қойып, көшеге қоғамдық көліктермен шығып жүр», дейді ОІІБ ЖПБ баспасөз хатшысы Бауыржан Тоқбаев.Болған жол-көлік оқиғасының екеуінде жүргізушілер жүргіншілерді қағып кеткен. 12 қаңтар күні сағат 15:00 шамасында Ниссан-Патроль көлігін мінген 1970 жылғы У. есімді жүргізуші Жаңаөзен қаласында Балалар үйінің алдында 1982 жылғы Б. есімді азаматты қағып кеткен. Ал 14 күні Ақтау қаласында болған оқиғада 1967 жылғы Л. есімді жүргіншіні қағып кеткен автокөлік иесі оқиға орынында тоқтамай кеткендіктен, жүргізуші де, автокөлік маркасы да белгісіз болып отыр. Қазір іздестіру жұмыстары жүруде.