«Маңғыстаудың үздік тауары-2014» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Маңғыстаудың үздік тауары» облыстық байқауының жеңімпаздарына құрмет көрсету облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржановтың, облыстық индустриялық-инновациялық даму басқрмасы бастығының міндетін атқарушы Нұрбек Қарасаевтың, облыстық мәслихат депутаттарының, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мүшелерінің және облыстық Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің, сонымен қатар өңірдегі бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің қатысуымен өтті. «Халыққа арналған ең үздік тауар» номинациясы бойынша жеңімпаздар қатарында «Жанарыс» ЖШС және «Жамал-ай» АҚ компаниялар болды. Олардың басшылары Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің құрамына кіреді.
Номинация жеңімпазы «Жанарыс» ЖШС 1996 жылы Жаңаөзен тігін фабрикасының базасында құрылған. Фабрика мұнай-газ саласының кәсіпорындары, құрылыс компаниялары, сондай-ақ денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және халыққа қызмет көрсету ұйымдары мен мекемелері үшін табиғи, синтетикалық, вискозды, полиэфирлі маталардан тігілген жоғары сапалы арнайы киімдер шығарады. Соңғы жылдары тапсырыстар көлемінің өсу ібайқалуда, осыған орай тігін фабрикасы жұмыскерлерінің саны 2013 жылғы 416 адамнан үстіміздегі жылы 447 адамға дейін артқан. Сонымен қатар жақында Жетібай ауылында 200 жұмыс орнына есептелген фабрика филиалы ашылды. Номинацияның «қола» жүлдегері «Жамал-ай» АҚ 1994 жылдан бері киім мен аяқ киім өндіреді. Кәсіпорын өнім номенклатурасы мен ассортиментін үнемі кеңейтіп отырады. Бүгінгі таңдағы «Жамал-ай» АҚ мектеп формасын, мұнай-газ және құрылыс компанияларына арналған арнайы киім және аяқ киімдерді, банктер, медициналық мекемелер мен түрлі қызмет аясындағы басқа да компаниялар жұмыскерлеріне арналған бірегей формаларды тігеді. «Жанарыс» ЖШС директоры Жаңбырбай Дәрменов және «Жамал-ай» АҚ бас директоры Зибира Хасанова өз жетістіктерін ұжымдарының екпінді еңбегімен және ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік палатасы арқылы көрсетіп отырған практикалық көмегімен байланыстырады, деп хабарлайды ҚР ҰКП.