15:39, 18 Ақпан 2009 | GMT +5
Маңғыстауға келген халық қалаулылары баспасөз мәслихатын өткізді
АҚТАУ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары баспасөз мәслихатын өткізді. Гүлнар Сейітмағанбетова, Зейнолла Алшымбаев, Жансейіт Сәрсенқұлов, Михайл Бортниктер іс-сапар мақсаттары мен өңірдің әлеуметтік экономикалық мәселелерін талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Маңғыстаудан сайланған сенаторлар мен Мәжіліс депутаттары кездесуде алдымен қазіргі дағдарысты еңсеру және өндіріс орындарындағы жұмыссыздықты болдырмау тақырыптарын қозғады. Аудан, қалаларды аралап, халықтың жағдайымен танысқан олар осы кезеңде ел Үкіметі тарапынан жасалып жатқан іс шаралар туралы баяндады. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр. Оларды салықтан босату, немесе салық көлемін төмендету жайы қарастырылған бағдарламалар бар. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мен зейнетақы, жәрдемақының көбеюімен қатар, 2009 жылдан бастап дәрігер, мұғалім, спорт, мәдениет саласы қызметкерлеріне 70 пайыздық есептік көрсеткіш негізінде 1 жылға көтерме ақы берілетіні айтылды. Сондай-ақ депутаттар жұмыс сапары кезінде «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында қоғамдық қабылдаулар өткізген. Осы арқылы тұрғындар көптеген көкейкесті мәселелер бойынша депутаттарға сауалдар жолдауға мүмкіндік алды.