Марафоншы Жанна Мамажанова 35 жылдан кейін ел рекордын жаңартты

КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері Зоя Иванованың ол кездегі көрсеткіші - 2:27:57 болған. Ал, Жанна Мамажанова 42 шақырым 195 метр қашықтықты 2:26:54 уақытта кесіп, Роттердам марафонының қола жүлдесін жеңіп алды.
«Марафон ойдағыдай өтті. Жүгіру барысында қарқынды бірқалыпты ұстауға тырыстым. Қазақстан рекордын жаңартуды алдын ала жоспарладым. Ол үшін маған әрбір шақырымды 3:30 минутта өту керек болды. Жүгіріп келе жатып, әйелдер арасында шамамен «топ-8», «топ-7» қатарында болатын шығармын деп ойладым. Бірақ, соңғы шақырымдарда кениялық екі қызды байқадым. Мәрені кескенде де өзімнің үшінші болып келгенімді білмедім. Мен үшін бастысы, ірі халықаралық додада ел рекордын жаңарту болды», - дейді қазақстандық желаяқ Жанна Мамажанова.
Бұл марафон 1981 жылдан бері дәстүрлі түрде өтеді. Әлемнің үздік он марафоны қатарына кіреді. Биыл онда 13 мыңнан аса атлет бақ сынаған.
Жанна Мамажанова - ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшысы. Ведомство мәліметінше, Роттердамдағы жетістігі спортшыға 15-24 шілде аралығында Орегонда (АҚШ) өтетін жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, елімізде қазір спорт инфрақұрылымын дамытудың 2025 жылға дейінгі кестесі әзірленіп жатыр.