Maran Homer танкеріне шабуыл: ҚР Энергетика министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мұнайын алуға бара жатқан грек танкері Maran Homer Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалы маңында белгісіз заттан зақымдалды. Қазақстанның Энергетика министрлігі оқиға кезінде кемеде қазақстандық мұнай болмағанын мәлімдеді.

танкер «Maran Homer»
Фото: Aleksi Lindstrom / MarineTraffic

Reuters агенттігінің хабарлауынша, оқиға 14 наурыз күні таңертең жергілікті уақыт бойынша шамамен таңғы сағат 4:35-те болған. Грекия туы бар танкер Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына кіру туралы нұсқауларды күтіп отырған, онда ол қазақстандық мұнайды тиеуге тиіс болған.

Кеме операторы Maran Tankers компаниясының мәліметінше, соқтығысу кеменің палубасы мен жабдықтарына аздаған зақым келтірген. Экипаж мүшелері арасында ешкім жарақат алған жоқ, барлық экипаж мүшелері аман-есен. Оқиғадан кейін танкер Новороссийск аймағынан шығып кетті.

ҚР Энергетика министрлігі оқиға кезінде танкерде қазақстандық мұнай болмағанын нақтылады.

– Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Новороссийск акваториясында «Maran Homer» танкеріне қатысты орын алған оқиғаға байланысты төмендегіні хабарлайды. Министрліктің мәліметінше, оқиға кезінде аталған танкер бортында Қазақстан Республикасына тиесілі мұнай болмаған. Осыған байланысты Қазақстанның экспорттық мұнайына қатысты шығын тіркелген жоқ, - деді министрдің кеңесшісі – Қазақстан Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.