Марат Ахметжанов: «Қазақмыс» кеңсесіндегі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов «Қазақмыс» корпорациясының кеңсесіндегі оқиғадан кейінгі тергеу шараларына байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Ахметжанов: «Қазақмыс» кеңсесіндегі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

«Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының кеңсесіндегі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қасақана адам өлтіруге оқталу бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп тоқталды Марат Ахметжанов Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол тегеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін ғана жарияланатынын айтты.

«Жалпы, бұл іс бойынша деректер жан-жақты қаралады, яғни осы әрекеттің себебі тыңғылықты тексеріледі. Тергеу органдары бұған толық бағасын бергеннен кейін ғана біз толық мәліметті айта аламыз. Ол жерде процессуалдық прокурор тағайындалды», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жезқазған қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының кеңсесінде кәсіподақ ұйымының төрағасы кәсіпорынның бас директорына және дамыту жөніндегі директорға өзара қақтығыстан соң пышақ салған.