Марат Еслямов «Ертіс» футбол клубының тізгінін ұстады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық 48 жастағы маман Марат Еслямов «Ертіс» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.

Марат Еслямов «Ертіс» футбол клубының тізгінін ұстады
Фото: «Ертіс» футбол клубы

Марат Жолдасұлы кәсіби футболшы ретінде «Намыс», «Қайрат ЦСКА», «Ақмола», «Есіл» және «Химик» клубтарында ойын көрсеткен. Бапкерлік жолында отандық клубтарда, Қазақстан жасөспірімдер және жастар құрамаларында қызмет атқарды. 

Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында еңбек етті. 

2021 жылы «Ақсумен» Бірінші лиганың жеңімпазы атанса, 2022 жылы «Қайсармен» Бірінші лиганың күміс жүлдесін иеленіп, команданы Премьер-лигаға шығарды. 2023-2024 жылдары «Ұлытау» клубын басқарды.

Бас бапкердің көмекшісі қызметіне Иван Геннадьевич Азовский тағайындалды. Ол — қазақстандық клубтарда және Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабында қызмет атқарған тәжірибелі маман.

Еске салсақ, бұдан бұрын павлодарлық «Ертіс» футбол клубы бас бапкер Нұрбол Жұмасқалиевтің отбасылық жағдайына байланысты өз өтініші бойынша қызметінен кеткенін мәлім етті.