Марат Шәмшінұров: Қыздарымыз қазақ күресімен айналысса, салт-дәстүрімізге сызат түседі дегенге келіспеймін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан - тамырын тереңге жіберген, тарихы мен ұлттық дәстүрі бай елдердің бірі екенін әлем мойындап үлгерді. Сол ұлттық дәстүрмен сабақтасып жатқан ұлттық құндылықтарымыздың бірі - төл спорттық ойындарымыз. Атадан балаға жетіп, санамызда жаңғырып, ертеңге қол бұлғап тұрған ұлттық құндылықтарымыздың барлығын бір тақырыпқа сыйдыру мүмкін емес әрине. Бүгінгі әңгімеміз сол ұлттық ойындарымыздың бірі және бірегейі - қазақ күресі жайында болмақ.

Марат Шәмшінұров: Қыздарымыз қазақ күресімен айналысса, салт-дәстүрімізге сызат түседі дегенге келіспеймін

Төл күресіміздің даму тарихы қазақ халқының даму тарихымен біте қайнасып жатыр. Қазақтың қайбір болмасын жиын - тойы бұл сайыссыз өтпегенін тарих беттеріне үңілсек айқын аңғарамыз. Қарсыласын алып та, шалып та жыққан балуандар ерекше халық қошеметіне бөленіп отырған.

Осындай құрметке бөленіп, аты аңызға айналған батыр тұлғалы балуандарымыз жеткілікті. Солардың бірін айтар болсақ, бірінші есімізге Қажымұқан Мұңайтпасұлы оралады. Оның есімі қазақ халқының тарихына ғана еніп қойған жоқ, сонымен бірге спортшылардың әлемдік элитасының қатарына кірді. Оның мерейін тасытқан осы - ұлттық күресіміздің құдіреті екені айтпасақ та түсінікті.

Сондықтан да болар, тек қара күш қана емес, асқан шеберлік пен шыдамдылықты қажет ететін бұл спорт түрі - ұлттық тарихымыздың бір бөлшегі ретінде саналып келеді. Сол себепті, қазақ күресі елімізде соңғы жылдары қанатын кеңге жая бастады.

Тұңғыш рет 2011 жылы елорда төрінде қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирі өтті. Биыл төртінші мәрте жалауын желбіреткен аталмыш дода ұлттық ойынымыздың абыройын тіптен әрлей түсті. Осы жоба өмірге келгеннен кейін жаңа туған сәбиге: «Балаң «Барыс» болсын» деп бата беретін деңгейге жетті. Бүгінгі таңда «Қазақстан Барысы» атанған қызылордалық Ұлан Рысқұл, тараздық Бейбіт Ыстыбаев, қос шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновтың атағы Олимпиада чемпиондарынан кем емес.

Алдағы күндері қазақ күресінің жанкүйерлері осы ұлттық спорт түрінен бірнеше ірі додалардың куәсі болмақ. Айталық, Павлодарда III республикалық «Жас Барыс» және халықаралық «Әлем Барысы» турнирі, сондай-ақ, Тараз қаласында екінші рет «Еуразия Барысы» өтпек. Міне, бұл қазақ күресінің күн санап дамып келе жатқандығының айқын дәлелі.

«Әлем Барысы» бәсекесінде 5 құрлықтан 32 балуан келеді. Әр елден тек, 1 ғана балуан қатысады. Демек, 32 елден бір-бір ең мықты деген балуан келеді деген сөз. Ал Қазақстан жарыс өткізетін ел болғандықтан бірден 4 балуанын боз кілемге шығара алады. Бас жүлдені жеңіп алған балуанға 100 мың АҚШ доллары сыйға берілмек. Бұл тарихымызда бұрын-соңды болмаған жоба.

Ал, екінші мәрте өткелі отырған «Еу­разия Барысы» халықаралық тур­нирі Балуан Шолақ бабамыздың 150 жылдығына орай ұйымдастырылмақ. Оған Қазақстанның құрама қо­ман­дасынан тыс Қытай, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Грузия, Польша, Моң­ғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Ук­раина және Өзбекстан елдерінің құрамалары қатысады. Олар 5 салмақ дәрежесінде командалық сайыс бойынша сынға түседі. Жүлде қоры - 100 мың АҚШ доллары.

Ал осы аптаның соңында, яғни, қазанның 3-5-і аралығында Семей қаласында қазақ күресінен Х Азия чемпионаты жалауын желбіретпек.

Осыған орай, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті Марат Шәмшінұровтан жарыстың қалай өтетіні, кімдер қатысатыны туралы сұхбаттасқан едік.

- Қазақ күресінен өткелі отырған Азия біріншілігіне қанша мемлекеттің балуандары келеді?

- Чемпионатқа Қазақстан құрамасымен қатар Азия құрылығындағы Пәкістан, Үндістан, Түрікменстан, Шри-Ланка, Бангладеш, Ирак, Қытай, Ливан, Иордания, Иран, Йемен, Сирия, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан секілді 19 мемлекеттен 110-ға жуық балуан қатысады деп жоспарлап отырмыз.

- Қазақстан намысын кімдер қорғайды?

- Бірден айта кетейін, бұл чемпионат бұрынғы додалардан өзгеше болайын деп тұр. Тұңғыш рет қазақ күресінен Азия біріншілігінде ерлер ғана емес, қыздар да белдесіп, жүлделі орындарды сарапқа салғалы отыр. Қазақ күресінен Азия біріншілігінде қыздар күресі бұрын-соңды болмаған оқиға.

- Ал, елімізде қазақ күресінен қыздар арасында қандай жарыстар өтті?

- Осы жылы тұңғыш рет Батыс Қазақстанда қазақ күресінен жас қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Ал Талдықорғанда ересек қыздар арасында бірінші рет ел біріншілігі өтті. Сол жарыста 1-2-орындарды жеңіп алған қыздар Азия біріншілігінде ел намысын қорғамақ.

- Қыздар қанша салмақта, ерлер қанша салмақта өнер көрсетеді?

- Аталған чемпионатта қыздар төрт салмақ дәрежесінде: - 55, 65, 75 және +75 келіде күш сынасатын болады. Ал жігіттеріміз 55, 60, 70, 80, 90 және 90 келіден жоғары абсолютті салмақ дәрежесінде белдеседі.

- Сайысқа түсетін балуандарымыздың есімдері белгілі болған болуы керек?

- Қыздардан ел намысын Анна Казюлина, Олеся Куценко (55 келіге дейін), Зәмзәгүл Файзолланова, Файза Әділбаева (65 келіге дейін), Марина Мамонтова, Ақтолқын Смағанбетова (75 келіге дейін), Зарина Байбатина және Алмагүл Қашина (75 келіден жоғары) қорғайды. Ерлерден Қазақстанның құрамында: Талғат Шегенов, Қуат Бекбаев (55 келіге дейін), Абзал Арыстанбеков (60 келіге дейін), Нұржан Жұмажан (70 келіге дейін), Бегімхан Әділбеков (90 келіге дейін), Мереке Тұрашев (90 келіден жоғары) секілді спортшылар бар. Ал абсолютті салмақ дәрежесінде Қазақстанның намысын Айбат Сейтен мен 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» - Айбек Нұғымаров қорғайды.

- Қазақ күресінен қыздар күресі мен ерлер күресінің ережелерінде айырмашылық бар ма?

- Ешқандай айырмашылық жоқ. Бүгінгі таңда жігіттеріміз қандай ережеге бағынса, қыздар да сондай тәртіпке бағынады.

- Ал қыздар мен ерлер арасындағы спорттық киімнің қандай өзгешеліктері бар?

- Айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бір күрес түрі болған соң, киімдерінің де бірдей болғаны дұрыс.

- Шетелден келетін қыздарға қазақ күресін кімдер үйретіп жатыр?

- Қазір әлемнің біраз елдері қазақ күресіне ынта танытып отыр. Осыған дейін қазақ күресінен бірнеше әлем біріншілігін, әлем, Еуропа кубогын, Азия біріншіліктерін, сондай-ақ, халықаралық турнирлер өткіздік. Оның бірқатары елімізде өтсе, бірқатары алыс-жақын шетелдерде өтті. Біздің бапкерлер шет елдерге шығып, қазақ күресінің ережелерін үйретті. Басқа елдерден бапкерлер келіп, қазақ күресінің ережелерін үйренді. Қазір көптеген елдерде қазақ күресінің ережелерін жақсы білетін, ерлерге де, әйелдерге де үйрететін бапкерлер бар. Солар үйретіп жатыр.

- Қазақ тарихына үңілсек, төл күресімізден қазақ қыздары ешқашан білегін сыбанып, балтырын түріп, көптің алдында белдесіп көрмепті. Ал бүгінгі қазақ күресіне қыздарды тарту, әсіресе қазақ қыздарын тарту салт-дәстүрімізге қиянат емес пе?

- Бұның ешқандай сөлекеттігі жоқ. Біз қазақ күресін Азия, Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгіземіз деп жанталасып жатырмыз. Ол үшін қазақ күресінің ережелері FІLA-ның талаптарына сай болуы керек. Егер, қазақ күресін болашақта Олимпиада ойындарынан көргіміз келсе, талапқа сай ерлер ғана емес, қыздар да күресуі керек. Олимпиада ойындарында дзюдо күресімен де, еркін күреспен де қыздар күресіп жатыр. Ал қазақ күресімен қыздар күрессе несі айып? Онда тұрған ештеңе жоқ. Сондықтан қазақ қыздарының басқа күрес түрлерімен белдесіп, ал қазақ күресімен сынға түссе, салт-дәстүрімізге сызат түседі дегенге мен келіспеймін. Керісінше, қазақ қыздары өзіміздің төл күресіміздің өркендеуіне үлес қосып, Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай