Марк Рютте НАТО бас хатшысы болып бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM – НАТО-ға мүше елдер альянстың жаңа бас хатшысы етіп Нидерланд премьер-министрі Марк Рюттені сайлады. Ол қазан айында норвегиялық Йенс Столтенбергтің орнына келеді. Бұл туралы альянстың тиісті мәлімдемесінде жарияланды.

– Солтүстік Атлантикалық кеңес Нидерланд премьер-министрі Марк Рюттені НАТО-ның келесі Бас хатшысы етіп тағайындау туралы шешім қабылдады, ол осы лауазымда Йенс Столтенбергтің орнына келеді, - делінген НАТО сайтында.
Йенс Столтенберг «НАТО одақтастарының таңдауын жылы қабылдады». Ол Рютті трансатлантик, күшті көшбасшы және консенсус құруға қабілетті адам ретінде сипаттады.
– Мен оған НАТО-ны одан әрі нығайтуда табыс тілеймін, - деп жазды Столтенберг X әлеуметтік желісінде.
Айта кетейік, Марк Рютте – 57 жаста. Ол 2010 жылдың қазан айынан бері Нидерланды үкіметін басқарып келеді. 2023 жылға дейін ол оңшыл либералдық партияның жетекшісі болды. 2023 жылы премьер-министр өз үкіметінің отставкаға кететінін жариялады. Себебі коалиция көші-қонды ұлғайту туралы келісімге келе алмады. Оның үкіметі жаңа министрлер кабинеті тағайындалғанға дейін қызметінде қалады.
Йенс Столтенберг – 65 жаста. НАТО-ны 2014 жылдан бері басқарып келеді. Оның төрт жылдық екі мерзімі 2022 жылдың қазан айында аяқталды. Бірақ одақтастары Ресей-Украина қақтығысына байланысты оның мерзімін екі рет ұзартты. НАТО Бас хатшысы болып тағайындалғанға дейін Столтенберг Норвегияның премьер-министрі болды және федералды үкіметте басқа да қызметтерді атқарды. Ол социал-демократиялық еңбек партиясын басқарды.