Марқакөлде Қызыл кітапқа енген сирек гүлдер өседі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Марқакөл өңірінің өсімдіктер әлемі көз тартар әсемдігімен ғана емес, сирек кездесетін түрлерімен де ерекшеленеді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Солардың бірі – Келлер поповнигі (Pyrethrum kelleri). Бұл Оңтүстік Алтайда ғана кездесетін реликті эндемик және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген аса сирек өсімдіктердің бірі.
– Келлер поповнигінің таралу аумағы өте шектеулі. Сондықтан табиғи популяциясын сақтау және оның өсетін ортасын қорғау ерекше маңызға ие, – делінген министрлік мәліметінде.
Марқакөл табиғатында кездесетін тағы бір ерекше өсімдік – ашық құндызшөп. Оны сон-трава деп те атайды. Күлгін түсті, сыртын нәзік түктер көмкерген бұл гүл көктем мезгілінде Марқакөл табиғатына ерекше реңк береді.
Сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау үшін олардың табиғи мекен ету ортасын қорғау маңызды. Табиғат аясында мұндай гүлдерді жұлмай, өсімдіктер дүниесіне ұқыпты қарау қажет.
Айта кетейік, Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасы туралы мынау сілтемеден оқи аласыз.