Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мароккода Сеутаға өтпек болған мигранттарға қатысты 25 адам сотқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Марокконың Тетуан қаласының прокуратурасы өткен аптада болған Сеута шекарасындағы жаппай заңсыз көші-қон оқиғасына байланысты 25 адамға айып тақты, деп хабарлайды Еuronews.

Литва-Беларусь шекарасынан мигранттардың тағы бір жерасты туннелі табылды
Фото: Анадолу

Марокколық Hespress порталының мәліметінше, оларға шекараны заңсыз кесіп өтуді ұйымдастыру, лицензиясыз жолаушы тасымалдау, жүзу құралдарын шамадан тыс жүктеу, визасының мерзімі аяқталғаннан кейін елде заңсыз болу, құқық қорғау органдары қызметкерлерін қорлау және оларға шабуыл жасау, полиция талабына бағынбау, сондай-ақ қоғамдық мүлік пен инфрақұрылым нысандарын қасақана бүлдіру баптары бойынша айып тағылған.

Дүйсенбі күні Марокко үкіметі жаппай шекара бұзу оқиғасы кезінде қандай да бір «қысымға немесе бопсалауға» көнді деген мәлімдемелерді жоққа шығарды. Сонымен қатар Рабат бірқатар еуропалық саясаткерлерді көші-қон дағдарысын сайлауалды мақсатта пайдалануға тырысты деп айыптап, олардың ұстанымына көңілі толмайтынын білдірді.

Марокконың испандық БАҚ-қа пікір білдірген дипломатиялық дереккөздері елдің көші-қон саясатына қатысты «босаңдық болды» деген мәлімдемелерді де үзілді-кесілді жоққа шығарды. Олардың айтуынша, шекараны заңсыз кесіп өтуге әрекет жасаған кез келген адам кері қайтарылады және Марокко оны қабылдайды. Рабат бұл міндеттемені көп жылдан бері орындап келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Марокконың Адам құқықтары қауымдастығы (AMDH) Надор қаласында жақында болған көші-қон дағдарысына қатысы бар деген күдікпен тағы 52 адамның жауапқа тартылғанын хабарлады.

Ұйымның мәліметінше, олардың 11-і Надор қаласының апелляциялық сотының қылмыстық істер жөніндегі палатасына жеткізілсе, тағы 41 адам бірінші сатыдағы соттың қарауына берілген. Барлығы сотқа дейін қамауда отыр. Кейбіріне қылмыстық баптар бойынша айып тағылғанымен, AMDH нақты қандай баптар екенін жариялаған жоқ.

Еске сала кетсек, Мароккодан Сеутаға өтпек болған 67 мигрант қаза тапқан еді.

Жақында Испания Сеутадағы миграциялық дағдарыс құрбандары туралы жаңа мәлімет жариялады.