Мароккодағы су тасқыны билікті 108 000-нан аса адамды эвакуациялауға мәжбүр етті
АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбі күні Марокко билігі елдің солтүстік-батыс жазық аудандарында су тасқыны қаупі жоғары аймақтардағы тұрғындарға дереу эвакуациялануды шақырды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Су тасқыны ұзақ жауын-шашын, өзендердің толып ағуы және су қоймаларының шектен тыс толуы себепті орын алды. Эвакуацияланғандардың жалпы саны 108 432 адамға жетті.
Елдің Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, су басқан аудандарда ауыл шаруашылығы жерлері мен тұрғын пункттері су астында қалған, эвакуациялық операцияларға тікұшақтар тартылған.
Ресми мәліметтерге қарағанда, елде жауын-шашын көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 215%-ға өскен және көпжылдық орташа деңгейден 54%-ға асып кеткен.
Ең ауқымды эвакуация Ксар-эль-Кебир қаласында өтті, онда билік мәліметтері бойынша тұрғындардың шамамен 85%-ы үйлерін тастап кеткен. Өткен аптада Лукус өзенінің арнасынан асып кетуі нәтижесінде көптеген тұрғын кварталдары су астында қалды.
Қала тұрғындары кейбір аудандарда электр энергиясының үзілуі туралы хабарлады.
Бұдан бұрын желтоқсанда Мароккодағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 41 адамға жеткенін жазғанбыз.