Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Марракеште Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Мароккодағы елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Марракеш қаласында Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

В Марракеше открылось Почетное консульство Казахстана
Фото: ҚР СІМ

Іс-шараға Марракеш қаласының жергілікті билік өкілдері, Марокко Парламентінің депутаттары, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан мен Марокконың сауда-өнеркәсіп палаталары және іскер әйелдер қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы құрметті консулдар екі ел арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Оның сөзінше, жергілікті жағдайды жақсы білетін құрметті консулдар сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға, туристерге қолдау көрсетуге және түрлі мәселелерді жедел шешуге ықпал етеді.

Марракеште Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
Фото: ҚР СІМ

Елші Марракеш қаласының кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті. Өйткені бұл қала Марокконың ірі туристік әрі іскерлік орталықтарының бірі саналады. Сондай-ақ өткен жылдан бері қолданыстағы визасыз режим екі ел азаматтарының өзара сапарларының көбеюіне оң әсер еткенін жеткізді.

Марракештегі Қазақстанның жаңадан тағайындалған Құрметті консулы Юсеф Эсаси (Ю. Эсаси) көрсетілген сенім үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Марокко арасындағы сауда, инвестиция және іскерлік байланыстарды дамытуға күш салатынын мәлімдеді.

Марракештегі Құрметті консулдық — Қазақстанның Мароккодағы Касабланкадан кейін ашылған екінші консулдық мекемесі.

Марракеште Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
Фото: ҚР СІМ

Бұған дейін Касабланкада Қазақстан–Марокко іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өткен болатын. Ал Рабатта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда және инвестиция салаларындағы ынтымақтастыққа арналған бірқатар кездесу ұйымдастырылды.

Осыдан бұрын Қазақстанның Консулдық жарғысына қандай өзгертулер енгізілгенін жазғанбыз.