Мәрсеков Райымжан
Мәрсеков Райымжан (1879 - өлген жылы белгісіз) – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің мүшесі, қазақтан шыққан алғашқы адвокаттардың бірі, заңгер, «Сарыарқа» газетін ұйымдастырып, шығарушылардың бірі.
Бұрынғы Семей облысы Өскемен уезінің Айыртау болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы) дәулетті отбасында дүниеге келген. Уездік орыс-қазақ мектебінде сауатын ашқаннан кейін Омбы қаласының классикалық гимназиясына оқуға түсіп, оны 1897 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылы Санкт-Петербордағы Император университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады. Ж.Ақбаевпен бірге студенттік жерлестер ұйымын құрып, елде болып жатқан саяси, әлеуметтік жағдайларды қадағалап, мәжілістерінде талқылап отырған. Жағдайлары нашар қазақ студенттеріне қаражатпен көмектесу мәселесін де қолға алады. 1898 жылы ақпан-наурыз айларында болған студенттік қозғалысқа қатысқаны үшін қара тізімге ілініп, оқудан шығарылады. Ізденіп жүріп, үлкен қиындықтармен қайтадан университетке қабылданып, оны 1902 жылы тәмәмдайды.
1902 жылы желтоқсанның 22-інен 1911 жылға дейін Орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің мүше-қызметкері болып, 1903 жылы наурыздың 30-ында қоғам бөлімшесінің мәжілісінде қазақ өлкесіндегі басқару ісіне, облыстық соттар мен старшындарды сайлауға қатысты «О выборном начале у киргизов» деген тақырыпта баяндама жасайды.
Р.Мәрсеков 1902 жылдан 1908 жылға дейін Семей округтік сотының көмекшісі қызметін атқарып, ал 1908 жылы Омбы сот палатасының шақыруымен келіп, 1912 жылға дейін адвокатура саласында қызмет істейді. 1912 жылы Семейге қайта оралып, адвокаттық қызметін жалғастырады. Жер дауы, мал, жесір дауын, жер өлшеушілерге қарсылық, орыс пен қазақ арасындағы кикілжіңдерге қатысты істерді шешіп, жазықсыз болғандарға ара түсіп отырды. 1915 жылы ақпанның 13-інде Семейдегі саудагерлер клубында Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтармен бірге ауруханада жатқан қазақ жаралылары мен мұқтаж оқушыларға жәрдем ретінде әдеби кеш ұйымдастырып, қазақ әдебиеті жайында баяндама жасайды.
1917 жылы сәуірдің 27-сі мен мамырдың 7-сі аралығында өткен Семей облыстық съезіне басшылық етеді.
1917 жылы маусымның 15-інен бастап жарық көрген «Сарыарқа» газетінің редакторлық қызметін Алаш қайраткерлері Халел Ғаббасұлы, Имам Әлімбекұлымен кезектесе атқарды. «Алаш» партиясына мүше болып, Алашорда үкіметін құруға атсалысты. «Сарыарқа» газетіне Алаш қозғалысы туралы хабарларын, Алашорда үкіметінің қаулы-қарарларын, құжаттарын жариялайды. Осы жылы қыркүйектің 15-18-і аралығында Семей облыстық қазақ съезіне басшылық жасап, бірінші қазақ съезінің шешімдері мен нұсқауларын жүзеге асыру мәселелерін талқылайды.
Қазан төңкерісінен кейін Семей облыстық қазақ комитетінің төрағасы және облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Сонымен қатар ол Семей қаласында жаңадан құрылған облыстық уақытша қазақ сотының төрағасы қызметін қоса атқарды.
1918 жылы қаңтардың 17-сі мен 1919 жылы маусымның 23-і аралығына дейін Семей облыстық жер басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметте жүріп хатшылық, әкімшілік және түрме істеріне басшылық жасады.
1918 жылдың жазында Алашорда басшылары А.Байтұрсынов, М.Дулатов басқарған 5 адамдық делегация құрамында болып, 1916-1917 жылдары толассыз бүліншіліктер құрбанына айналып қиыр қонып, шет жайлап кеткен қазақтарың тағдырына араша түсуге және жас Алашорда үкіметінің атынан көмек сұрай Қытайға барды. Шәуешек қаласындағы Ресей консулдығы арқылы большевиктерге қарсы күрес жүргізу үшін Қытай үкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге қатысты.
1918 жылы маусымның 25-індегі Алашорда үкіметінің «Әскер полкін жасақтау» туралы шығарған заңына сәйкес қазақ зиялыларымен бірге Алаш полкін жасақтауға атсалысты. Милиция қатарына әр облыстан 30 бен 35 аралығындағы 30 ерікті адам жинау үшін уездерді аралады. Осы жылы шілденің 13-інде Алашорда үкіметінің қазақтан шыққан большевиктерді жазалау мақсатында құрған ерекше қазақ соты мен тергеу комиссиясының мүшесі болды.
Р.Мәрсеков азамат соғысы жылдарында жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін шалғайдағы Владивосток қаласына сапар шегіп, онда орналасқан Американың «Мейер» фирмасымен шарттасып, Семей облыстық земствосының атынан 15 миллион сомның тауарын жергілікті шикізатқа айырбастап әкеліп, бұқара халықты күнделікті тұтынатын ең қажетті деген тауарлармен қамтамасыз етті.
1922 жылы Р.Мәрсеков Семей губерниялық атқару комитетінің инспектор-тексерушісі қызметін атқарды. Осы жылы «ұлтшыл», «буржуазияшыл» деген айыптар тағылып, қудалануға түскеннен кейін Қытайға қашуға мәжбүр болды.
Р.Мәрсековтің кейінгі Қытайдағы тағдыры туралы деректер аз сақталған және онда қайшылықтар көп кездеседі. Кей деректерде 1937 жылы НКВД жендеттерімен ауыз жаласқан Қытай үкіметі тұтқынға алып, айуандықпен өлтірген десе, екіншісінде Семей түрмесінде қазаға ұшыраған дейді.
Ол 1899-1900 жылдары «Дала уәлаяты» газетінде, одан кейін шыққан «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» сияқты газеттере қазақ халқының бірден-бір шешімін таппаған жер, тіл, дін мәселелері мен сайлау, оқу-ағарту жайында көлемді мақалалар жариялап, көпшілік тақысына салып отырды. Осыдан бір ғасыр бұрын жазылса да бұл шығармалардың дені әлі күнге дейін өзінің құндылығын жойған жоқ.
Дереккөздері:
тарих ғылымының кандидаты, доцент Светлана Смағұлованың «Жұлдыз» журналында жарық көрген мақаласы
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том